Түтіні түзу ұшқан ауыл

Ержан Айтбекұлы Меңлібеков 2020 жылдың наурыз айында Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылдық округінің әкімі болып сайланған. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман еңбек жолын прокуратурадан бастап,  үш жылдай қызмет атқарған. Ал, 2007 жылдан 2012 жылға дейін аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жетекші маманы, одан кейін 2015 жылға дейін әділет басқармасында жұмыс істеді. Бес жылдай кәсіпкерліктің дәмін татты. Сөйтіп, халықтың қалауымен әкімдік қызметке кіріскен. Өмір көріп, тағлымды тәжірибе жинақтаған ауыл әкімінің айтары аз емес екен. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп талай игілікті істерді жіпке тізгендей тілге тиек етті. Осы ауылдың тумасы болғандықтан ба, әңгімесінен барлық мәселені жетік білетіні аңғарылып тұрды. 

Жабағылы ауылдық округіне 3 елді мекен қарайды. Атап айтқанда, Жабағылы, Абайыл ауылы және 

115 разъезд. Ауылдық округте 3 140 адам қоныстанған, барлығы 490 үй бар. Мұнда елімізге ғана емес, әлемге әйгілі Ақсу-Жабағылы табиғи мемлекеттік қорығы орналасқан. Жабағылы ауылында бір жалпы білім беретін және Абайыл елді мекенінде бір бастауыш мектеп жұмыс істейді. Сондай- ақ бір балабақша, бір емхана халыққа қызмет көрсетеді. Аталмыш округ аумағында 6 ЖШС, 80-ге жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Ауыл халқы негізінен егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Бұрын осы ауылда құс фабрикасы бар еді, тұрғындардың дені сонда еңбек ететін.  1999 жылы бұл кәсіпорын тарқаған соң көпшілігі жұмыссыз қалды. Сондықтан біреуі егін егіп, екіншісі мал өсіріп, өз күндерін көріп жүр. Үш жеке кәсіпкер туризм саласын дамытумен айналысады. Қорыққа келетін туристерді қонақүйлерінде қабылдап, белгіленген бағыттар бойынша демалушыларды қыдыртады. Әрине, бұл әлі жеткіліксіз. Оның әлеуетін әлі де арттыра түсу қажет. Әкім алдағы уақытта ауылдың дамуына инвестиция тартуды армандайды. Өйткені, туризм бағыты пайда әкелетін сала. Демек, осы салада жабағылықтарды қыруар жұмыстар күтіп тұр. Шетелден көп қонақ келеді. Оларды қарсы алу, қонақ күту де қып-қызыл ақша. Ол үшін сервистік қызметті жақсарта түсу керек. 

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 14 көше жарықтандырылды. Енді екі көше қалып отыр. Абайыл  ауылында бастауыш сыныптарға арналған сыныптардың ғимараттары ескі еді. Сол жерге 100 орынды жаңа мектеп салынып, 1 қыркүйектегі жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Жабағылы ауылының әкімшілік үйінің құрылысы өткен жылы басталған-ды. Таяу уақытта іске қосылмақ. Сонымен қатар, тағы үш көшені асфальттау 2023 жылдың жоспарына енді. Жобалық-сметалық құжаты дайын.     

Әлеуметтік мәселелер де біршама шешілген. Жол, табиғи газ, ауыз және ағын су, жарық бар. Жабағылы ауылында «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-імен әрбір үй келісімшартқа тұрған. Яғни жарықпен осы мекеме қамтамасыз етеді. Ал, Абайыл мен 115-разъезде тұратын тұрғындар теміржол бойына орналасқаннан кейін жарықты  сол мекемеден алады. Сондықтан ауылдық округ бойынша жарықтың сөнуі немесе болмай қалу деректері кездескен емес. Абоненттер жарықты пайдаланғаны үшін белгіленген төлемді тариф бойынша төлейді. Қордаланған қарызы жоқ. Демек, бұл істе ешқандай проблема туындаған емес. Жабағылы мен Абайыл ауылдары толық «көгілдір отынмен»  қамтылған. Ал, 115-разъезде табиғи газ бармаған 20 шақты үй бар. Ауыл әкімі Ержан Меңлібековтің айтуынша, жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бұл елді мекенді газдандыру 2023 жылдың жоспарына енген. Ауыл тұрғындары ауыз суды тау бөктеріндегі бұлақтардан, бастау көздерінен алады. Тіршілік нәрінен жыл он екі ай тапшылық жоқ. Тәулік бойы су беріледі. Ауылдың бас жағында су жиналатын резервуар бар. Ағын су да әрбір аулаға келеді. Жабағылы өзенінен елді мекен жанындағы Құли каналына құйылады. Сол каналдан ағын суды ауылдарға бұрған. Бұдан өзге шаруа қожалықтары өздерінің суармалы жерлерін, оның ішінде жоңышқа, бау-бақшасын ылғалдандырып жүр.

Ауылда кәсіпкерлік саласы да өркен жайып келеді.  Олар аудан бюджетін толықтыруға сүбелі үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Жабағылы елді мекенінде Нұрғали Мылтықбаев жетекшілік ететін «Береке» шаруа қожалығы бау өсірумен және мал бағумен айналысады. Қора-қопсысы бар. Бақуатты азамат ауылда, ауданда ұйымдастырылатын түрлі шараларға да демеушілік танытады. Ол бүгінгі таңда мешіт жанынан асхана салып жатыр. Алдағы уақытта бұл жерде құдайы тамақ беріліп, түрлі ас-жиындар өткізіледі. Кәсіпкердің айтуы бойынша келешекте жастарға арнап спорт орталығын және әлеуметтік тауарларды төмен бағамен сататын дүкен құрылысын бастауды жоспарлап отыр. «Алмалы сай» өндірістік кооперативінің өзіндік орны бар. Олар 50 гектар жерге тамшылатып суару тәсілімен бау-бақша өсіруді көздеуде. Қазірдің өзінде игілікті жұмыстар басталып кетті. Ағын су жиналатын қауызы дайын. Тіршілік нәрі жеткізілді. Енді қараша айында көшеттерін әкеліп отырғызбақ. Мұнымен қатар төрайым Сапаркүл Тайтелиева басқаратын 16 азаматты біріктіретін «Асқар» шаруа қожалығы да мал өсіруге және егіншілікпен айналысуға маманданған. 400 гектар егін егетін  және 200 гектар жайылымдық жері бар. 

Биыл берекелі жыл болды. Дәнді дақылдардан 70 гектарға арпа, 250 гектарға бидай,  50 гектарға мақсары және 20 гектар танапқа жүгері егілген болатын. Олардың түсімділігі тиісінше 15 центнерден, 20 және 12 центнерден айналды. Ал, жүгерінің гектар берекелілігі әлі толық анықталған жоқ. Өйткені, дәндік жүгерінің жиын-терімі жалғасуда. Оның паясын мал азығы ретінде пайдаланады. Бұдан басқа 200 гектардан астам жоңышқа бар. Шаруалар мал үшін жеткілікті жем-шөп қорын жасақтап алды деген сенімдеміз. Бау да жақсы өнім берді. 

Аталған ауылдық округ бойынша шешімін күткен проблемалар осылайша кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Әрине, ауыл халқы да жылдан-жылға өсуде. Осы бағытта қосымша 15 гектар жер телімі белгіленген. Ол тұрғындарға таратылып беріледі. Құжаттары да дайын. Сол учаскелерге инфрақұрылым тартылады. Бұрын кезекте тұрған азаматтар саны 300-ден асатын еді. Қазір бұл жұмыс электронды форматқа көшірілген соң талапкерлердің қарасы мыңға жуықтаған. Өйткені, әрбір азамат өзінің электронды кілтімен өтініш бере алады.  

Ақиқатына келсек, ауылда жұмыс іздеп сенделіп жүргендер жоқ. Барлығы дерлік жұмыспен қамтамасыз етілген. Әрқайсысының жеке шаруа қожалығы бар. Игілігінде жері, малы, бауы бар адамды жұмыссыз деуге бола ма? Шаруамен шындап айналысуға мүмкіндік мол.

Түтіні түзу ұшқан ауылдың тыныс-тіршілігіне табыс тіледік.  

ПІКІР ЖАЗУ