Сегіз тілде сөйлей алатын Мейірхан осы кезге дейін 68 мың кітап оқыған!

Мейірхан Топанбай  Түлкібас ауылы, Тастұмсық елді мекенінде 1994 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Диагнозы — ДЦП, І топтағы мүгедек. 2012 – 2017 жылдары Қарағанды қаласында тұрған ол туған жерге оралған соң жыл сайын мүгедектер күніне орайластырып, концерт, фестиваль ұйымдастырумен айналысады. Осыдан үш жыл бұрын Мейірхан Шымкент қаласындағы Халықтар достығы университетінің ректоры Рабиға Қуатбековаға алдын-ала өтініш хат жазып, алғаш рет 2019 жылы 13 қарашада зағиптар күніне орай «Үміт керуені» деген фестиваль өткізді. Содан бері бұл фестиваль тұрақты түрде өтіп келеді. Мейірханмен Түлкібас ауданында өткен мүгедектер күнінде таныстық. Іс-шарадан соң тілдесудің сәті түсті.

– Кітапханашы болғаныма үшінші айдан асты, – деп бастады ол әңгімесін. – Көп тіл білуімнің себебі, анам шет тілінің маманы. «Көп тіл білу өміріңді жеңілдетеді» деді. Сол себепті де үш жыл түрік және парсы тілдерін үйрететін академияда оқыдым. Анам шет тілі маманы болғандықтан неміс тілі мен француз тілін үйретті. Ауданымызда Амангелді атындағы мектеп бар, сонда оқыдым. Өзім кішкене кезден түрік тілін жақсы көргендіктен соны үйреніп алуға ұмтылдым. Мен мектеп бітіретін 2011 жылы ауылымызға жерлесіміз, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асқар Бейсенбаев ағамыз келген. Сол кісінің де: «Көп тіл білген адамдар жетістікке жетеді» деп айтқан әңгімесі есте қалып қойды. Екі түрлі мамандық бойынша оқу бітіргенмін. Біріншісі –  психология,  екіншісі – орыс тілі мен  әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сал ауруы соңғы үкім емес. Мүгедектікті біз үкім деп қабылдамауымыз керек. Ең бастысы, адамның жаны сау, рухы ояу болса, ол міндетті түрде жетістікке жетеді, – дейді ол.  

Мейірхан өзімен тағдырлас жандарға әрдайым қолдау көрсетіп, кеңес беріп жүреді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көптің алдына шығуына, қоғамда көрінуіне, шығармашылық кештерде өздерін танытуына мүмкіндік жасауға тырысады. 

Әкесі Мейрамбек трактор тізгіндеген нағыз еңбек адамы еді. Ал, анасы Айзат Назарбекқызының мамандығы – педагог, шет тілдерінің маманы. 

Әкесі мен анасы отбасын кеш құрған екен. Қазір әкесі – 77 жаста, шешесі – 67-де. Екеуі де –зейнеткер. Мейірхан үйдегі екі перзенттің үлкені. Оның І топ мүгедегі ретінде алатын жәрдемақысы бұрын 70 мың теңгенің төңірегінде еді. Қазір көбейді, 100 мың теңгеден асады.  Оның жартысынан көбі массажға кетеді. Есепте тұратындықтан тиісті дәрілер тегін берілгенімен, кейбірін өзі сатып алуға тура келеді. Мейірханның диагнозымен ауыратын адамдардың сауығып кетуі оңай емес, әрине. Сондықтан оларды жылма-жыл тексеруден өткізеді. Мұны айтып министрлікке де хат жазған. Қазір оның салмағы – 34 келі. Қайта-қайта тексеруден өткізе бергенше, мүгедектікті тұрақты тағайындап берсе дейді. Бұл мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің және Сенатының депутаттарына да айтты.

Мейірхан осындай жағдайына қарамай, өте белсенді. 2019 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы Жаскешу елді мекеніндегі Мәдениет үйіне кітапханашылық жұмысқа жолданды.  Онымен тоқтамай, концерт, фестиваль ұйымдастыра бастады. «Үміт керуенінің» тұсауы сонда кесілді. Іс-шараны бірте-бірте облыстық деңгейге көтерді. Осы кезге дейін 68 мыңнан астам кітап оқыпты. Сары аурумен, эпилепсиямен ауырды, соның салдарынан жеті жылдай соқыр болып қалды. Бірақ, бұл жағдай кітап оқуға деген құштарлығын арттырмаса, кеміткен жоқ. 2011 жылы несиеге оқуға түсіп, 2020 жылы бірінші мамандығы бойынша диплом алды. Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жүргізуге септігін тигізіп жүр. Ал, екінші мамандығын – орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын ректордың грантымен тәмамдады.

Мейірхан өлең де жазады. Бір кітабы шықты. «Жанымның жақұты» атты  аудармалары топтастырылған екінші кітабы баспада жатыр.

– Қазір қазақ тілінен басқа 7 тіл, атап айтқанда, түрік, армян, грек, парсы, тәжік, неміс, испан және француз тілдерінде сөйлей аламын. Мұның бәрін анам үйретті, – дейді Мейірхан Топанбай.

Оның атқарушы билікке айтары көп. Өзі үшін ғана емес, тағдырластары үшін маңызды ұсыныстары бар. Мүгедектер үшін ортақ проблема – инватакси. Жылда солай, қаңтардан наурыз айына дейін мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметін пайдалана алмайды. Оған мемлекеттік сатып алу конкурсы себеп. Осы мәселе оңтайлы шешілсе дейді ол. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік жұмыс орындарының қызметін он екі айға дейін созып, жұмыс орындарының санын арттырса деген тағы бір ұсынысы бар. Себебі, жұмыс істемеген, үйде отырған адамның агрессиясы басым болады деп түсіндірді ол. Үшінші ұсынысы – қараушы мен жеке көмекшінің жалақысын теңестіру. Әйтпесе, алдыңғысына 52 мың, жеке көмекшіге 90 мың төленеді. Ауру адамға қарау оңай емес. Ең төменгі жалақыдан төмендетпей екеуін бірдей етіп теңестірсе деген тілегін жеткізді.      

ПІКІР ЖАЗУ