Мақсатымыз – тұрғындар мәселесін шешу

Халық қалаулысы – ауыл тұрғындарының көкейкесті мәселесін билікке жеткізіп, шешілуіне ықпал жасайтын алтын көпір. Осы мақсатта халық қалаулыларының өмірі мен атқарған жұмыстары жайлы әр аптада ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Аудан көлемінде Кеңес Одағының Батыры П.Щевцовтың есімін иеленген білім ордасы ең іргелі мектептердің бірінен саналады. Ірге тасы сонау 1954 жылы қаланған мектепте 2019 жылы жаңа үлгіде 150 орындық қосымша ғимарат соғылып, 2020 жылы қолданысқа берілді. Бұл аталмыш білім ордасын білікті ұстаз, аудандық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Гүлнар Ниязалықызы Бердиева басқарып келеді. Ендеше, мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарып жатқан жұмыстары жайлы не білуге болады? Алда қандай ауқымды істер атқарылмақ? Білім саласындағы соңғы көрсеткіштері қалай? Біз бұл сауалдарды аталмыш мектептің директоры Гүлнар Ниязалықызы Бердиеваға қойған едік.

– Ең алдымен өзіңіздің өмір жолдарыңызға көз жүгіртсек?

– Мен Гүлнар Ниязалықызы Бердиева 1965 жылы 31 наурызда Түлкібас ауданы, Састөбе кентінде дүниеге келгенмін. 1986 жылы Орал педагогикалық институттың орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Алғашқы еңбек жолымды Састөбе поселкесіндегі А.С.Макаренко атындағы жалпы орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастадым. 1987-1989 жылдары Түлкібас аудандық комсомол комитетінде мектептер группасының комсоргі, 1989-1991 жылдары Түлкібас аудандық комсомол комитетінде жастар және пионерлер бөлімінің меңгерушісі – хатшысы, аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің саяси ұйымдастырушысы, 1991-1998 жылдары Түлкібас аудандық оқушылар сарайында балалар және жастар ісі жөніндегі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, 1998-2000 жылдары Түлкібас ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 2000-2017 жылдары М.В.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқардым. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін П.Щевцов атындағы жалпы орта мектебінің директоры қызметін атқарып келемін. Еңбек еткен жылдарымда білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесім үшін «Құрмет орденімен», «Алтынсарин» төсбелгісімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Оңтүстік Қазақстан облысының, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және бірнеше Алғыс хаттармен марапатталдым. Отбасымда отағасы мен ұлым, қызым және немерелерім бар. Аудандық мәслихаттың депутатымын.

– Өзіңізге қарасты Арыс ауылдық округінің қазіргі тыныс-тіршілігіне  тоқтала кетсеңіз?

– Әрине Арыс ауылдық округінде бірқатар мәселелер шешілгенімен, шешілмей жатқан жайттар да бар. Ауыл әкімі О.Сатыбалдиев, ел ағалары Ж.Құдайбергенов, О.Дәулеталиевтің қолдауымен ауыз су, тазалық, тротуар, орталық көше бойына лоток қою, медициналық тірек, көше жарығы сынды мәселелер айтылып, кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ағын су, жайылым, мал бағушы бақташы сынды мәселелер де дұрыс жолға қойылды.

– Енді өзіңіз басшылық жасап отырған білім ордасының тыныс тіршілігіне ойыссақ…

– Түлкібас кентінде орналасқан П.Щевцов атындағы жалпы орта мектебі өзінің бастауын 1954 жылдан алады. Араға біраз жылдар салып 2019 жылы мектепке жаңа үлгіде 10 орындық қосымша ғимарат соғылып, 2020 жылы пайдалануға берілді. Екінші тынысы ашылған, бүгінгі күн талабына сай соғылған мектептің жалпы аумағы 927 шаршы метр, сыйымдылығы 50 орындық. Мектепте 22 оқу кабинеті, 1 спорт залы, 170 орындық асхана, 1 медициналық кабинет бар. Төрт кабинет интерактивті тақтамен, қалған барлық кабинеттер заман талабына сай жабдықталса, химия, физика кабинеттерінің зертханалық жұмысқа арналған құралдар сақталатын қосымша бөлмелері бар. Кабинеттерде зертханалық жұмыс жасауға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мектепте шахмат, үстел теннисі, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасайды. 

  2022-2023 оқу жылында мектепте 494  оқушы алаңсыз білім алуда. Оның ішінде 1-4 сыныптарда 215 оқушы, 5-9 сыныптарда 191 оқушы, 10-11 сыныптарда 50 оқушы оқып жатыр. Оқушылар қазақ-орыс тілінде екі ауысымда оқиды. Жиырма төрт сынып комплектісі, үш мектеп алды даярлық тобы жұмыстарын жасауда. Оқушыларға өз мамандықтарына сай 7 педагогикалық қызметкерлер дәріс береді.

– Мектеп ұжымының бүгінге дейін қол жеткізген табыстары жайлы да айта кетсеңіз?

– Құдайға шүкір, бұл жағынан біздің жүзіміз жарық, еңсеміз биік болып тұр. Мектеп ұстаздары мен оқушылары аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда жиі топ жарып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Атап айтар болсақ, 11 сынып оқушысы Алишан Айбасов гир тасын көтеру спортынан бүгінгі таңда әлем чемпионы атанып отырса, 9 сынып оқушысы Жансая Бектаналы облыстық және республикалық ән байқауларының жеңімпазы атанып келеді. Мектеп жобасы аясында оқуға құштар атауымен өткен республикалық комикс құрастырушы оқырмандар байқауында 7 сынып оқушысы Дарья Самойлова жүлделі бірінші орынға табан тіресе, ал екінші орынға Ангелина Руденко ие болып, мерейлі болды. «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңінде мектебіміздің зейінді 7 сынып оқушысы Дана Бекеева бас жүлдеге ие болды. «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» – атты балалар киносы фестивалінің облыстық кезеңінде «Телевизиялық бюджет» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды 8 «Б» сынып оқушысы Мейіржан Наурызбай иеленді. (жетекшісі Перизат Бунирова), «Деректі (ойынды емес) кино» номинациясы бойынша бірінші орынды мектебіміздің 10 сынып оқушысы Жанерке Сметова (жетекшісі Г.Айдаралиева) иеленді. «STOP MOTION- видео» номинациясында 9 сынып оқушысы Раушания Эмитбаева екінші орыннан көрінді.

– Мұндай жетістіктер ұстаздар тарапынан да кездесіп жатқан болар..

– Әрине. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен халқымыздың көрнекті ағартушы – педагогі Ыбырай Алтынсариннің туған күніне орай өткен, «Ыбырай жазулары» облыстық байқауында мектебіміздің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жазира Әуелтаева үздік деп танылып, бірінші дәрежелі дипломға ие болды. 

– Әңгімеңізге рахмет. Білім беру саласында атқарып жатқан еңбектеріңіз жандана берсін!

Орынтай КӨМЕКОВ.

ПІКІР ЖАЗУ