“Түлкібасқа Кентаудан қолдау” семинары өтті
Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімі мен Түлкібас аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі арасындағы өзара меморандум негізінде “Түлкібасқа Кентаудан қолдау” атты кәсіби қолдау семинары өтті.
М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназия ғимаратында өткен іс-шараға аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының мекеме басшылары, оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар және пән мұғалімдері қатысты. Семинардың “Педагогикалық ынтымақтастықтан-педагогикалық шеберлікке” кезеңінде “Білім әлеміндегі Кентау!” бейнеролигі көрсетіліп, Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Қалымбетова Ғазиза баяндама оқыды.
Оқу-тәрбие үдерісін жаңаша ұйымдастыру мақсатында фасилитациялық сессия кезеңінде “App creator” бағдарламасын қолдану арқылы мобильдік қосымша жасау, “Google Disk, Form” бойынша жұмыс істеу форматы”, “Жаңарған мектеп: көшбасшылық, құндылық пен жеке бренд”, “Цифрлы ұстаз” және үш тілде білім беру-жаhандық бәсекеге қабілеттілік кепілі тақырыбы аясында шеберлік сыныптар өтті.
Ал ТЕД форматындағы диалогтық алаң кезеңінде “Өмірдің өзі-ФИЗИКА” атты интербелсенді әдістер туралы ой бөлісті. Семинар жұмысын қорытындылау, өзара пікір алмасу, кері байланыс кезеңін Түлкібас ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Қилыбаев Болат ТЕД форматында жүргізді. Білім беру ұйымының мекеме басшылары және оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары аталған іс-шараның жоғары деңгейде өткенін, желілік қоғамдастықты дамытуда білім беру сапасының мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары екендігін және өзара тәжірибе алмасу арқылы білім берудің заманауи технологиялары мен озық әдістерін қолданып, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға септігі мол екендігі туралы өзара пікір білдірді.