Жыл соңына дейін 60 отбасы қоныс тойын тойлайды

Биылғы жылдың наурыз айында Төлеби ауданында 120 отбасы өз шаңырақтарына қоныстанды. Аудан халқының бұл қуанышына күә болу мақсатында Түркістан облысының сол кездегі әкімі Өмірзақ Естайұлы арнайы келіп, қоныс той иелеріне пәтер кілттерін табыс етті.

Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды пәтермен қамту жұмысы жалғасын тауып, І мөлтекауданда 20 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүруде. Нысанның сапасын сала мамандары қадағалап, оның белгіленген мерзімде аяқталуын аудан әкімі Төлеген Телғараев өз бақылауында ұстап отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде, 60 отбасы өз пәтерлерінің иесі атанады.

Жалпы, аудан бойынша 107 көпқабатты тұрғын үйлер бар. Оның ішінде 21 үй «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ-нің теңгерімінде. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94 «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74 –і бабына сәйкес, жергілікті атқарушы орган тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың тізімін санаттар бойынша жасақтады.

Бүгінгі күнге аудан бойынша барлығы – 4890 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тіркелсе, оның көп балалы отбасылар санатында – 1043, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатында – 1998, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында – 1510, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында – 338, жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған – 1 отбасы бар.

Ленгір қаласында бүгінгі күнге дейін тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды пәтермен қамту бағытында 21 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қызметтік пәтерге 50 сұраныс түскен. Аудандық тұрғын үй бөлу жөніндегі комиссия соңғы отырысында, комиссия шешімімен Заңның 73 бабына сәйкес 94 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. Тұрғын үйлерді жалға беру фактілері бойынша аптасына үш рет тексеру жұмыстары жүргізіліп, 150 дей азаматқа ескерту хат беріліп, 9– тұрғын үй иесіне сот арқылы қайтару процессі жүргізілуде. Тұрғын үйлерді пайдаланғаны үшін түсімдер биылғы жылдың он бір айында 26 млн 200 мың теңгені құрады.

Аудандық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы кезекте тұрған азаматтарды түгендеу жұмыстары жүргізіліп, ол қайта жасақталып, тізім 24 маусым 2022 жылы аудандық «Аймақ тынысы» газетінің №27-28 (490-491) санында жарияланды.

Айта кетерлігі, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, барлық пәтерлер кезектілігін сақтай отыра, беріледі. Яғни санатына байланысты тұрғын үйге мұқтаж жандардың тізімде көрсетілген реттік кезегімен ғана аласыздар. Ешкімге, ешқандай жағдайда артықшылық жасалмайды.

Ал, тұрғын үй кезегінде тұрған, пәтер жалдаушы аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларына мемлекеттен пәтер ақысын субсидиялау мәселесі қарастырылған. Пәтер ақысын субсидиялау «Отбасы банкінің» аудандық филиалына хабарласу арқылы, барлық сұрақтарыңызға жауап табасыздар.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ