Түлкібаста Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы аталып өтті

Түлкібаста ұлт мақтанышы, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған танымдық конференция мен бірқатар шара өтті. Аталмыш шараны Шерхан Мұртаза атындағы ВАКФ қайырымдылық қорының жоспарына сай ұйымдастырылған. Биылғы қоңыр күзде басталған шындықтың шырақшысы бола білген біртуар тұлғаның мерейтойы – елдің тойы, ұлт руханиятының мерекесі ретінде барлық өңірде кең көлемді атап өтілді. Қасиетті Тараз қаласында бастау алған мерейтой, туған жері Талапты ауылында жалғасты. Тауы мен көлі, бұлақ пен өзені тоғысып жатқан Жуалы мен Түлкібас аудандары үшін ортақ тұлға болып саналатын Шерхан Мұртазаның мерейтойы аясында Түлкібас ауданында жыл басынан бері ұлттық рух, ұлттық намыс жайлы ағамыздың көзін көрген ғалымдар, ақындар, жазушылардың қатысуымен келелі кездесулер, тағлымды конференциялар мен байқаулар өткізілді. Соның жалғасы ретінде республика көлемінде Шерағаның қаламгерлігі мен қайраткерлігі тұлғасы жайында көпке үлгі боларлық өнегелі іс-шараларға ұйытқы болған аталмыш қайырымдылық қор төрағасы Қайрат Айтбаевтың бастамасымен аудан орталығындағы аудандық мәдениет үйінде өтіп отыр. Мұнда арнайы көрме қойылып, «Шерхан және Түлкібас» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.

Конференцияда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев таныстырып, қазақ руханиятында ұлт қаламгерлерінің ұлы мектебін қалыптастырған тұлғаның даралығына тоқталды. Мерейтойда ғалым, Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы, аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедарасының доценті, ф.ғ.к Мұқашев Темірбай, аталған университеттің «Филология және журналистика» кафедарасының профессоры, ф.ғ.д Меруерт Көпбаева, Түркістан облысы журналистер Одағының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Жамбыл облысы, Жуалы ауданының мәслихат хатшысы Ерғали Тлеубеков және тағы басқалар ұлттық мүдде, ұлттық намыс тұрғысынан ой қозғады. Шара барысында ҚР Ақпарат және даму министрі Д.Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Астана қаласының әкімі А.Көлгінов және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Абай облыс әкімдері, Маңғыстау облыстық мәслихат хатшысының және тағы басқа азаматтардың құттықтау хаттары оқылып, табысталды. Ұйымдастырушылар ғалым Мекемтас Мырзахметұлына шапан жауып, қатысушы ғалымдарға құрмет көрсетті.

ПІКІР ЖАЗУ