Төлеби ауданында 115 мыңнан астам тұрғын газбен қамтылған
Бүгінде Төлеби ауданында 55 елдімекеннің 48-і (87,3%) орталықтанған табиғи газбен қамтылған. Атап айтқанда 115 366 тұрғын, яғни 20 951 абонент көгілдір отынды пайдаланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Төлеген Телғараев мәлімдеді.
Аудан әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін Қасқасу, Кеңесарық, Керегетас, Жоғарғы Қасқасу, Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы елдімекендері газбен қамтылмақ. Осы нысандар іске қосылса, аудандағы 55 елдімекен 100 пайыз орталықтанған газбен қамтылатын болады.
– Аудандағы 55 елдімекеннің 54-і (98,2%) орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтамасыз етілген. Бүгінде ауызсу 52 елді мекенде тәулігіне 24 сағат, ал 2 елдімекенде (Зертас, Ұзынарық) кестемен берілуде. Сондай-ақ, 24,62 шақырымды құрайтын ауызсу құбырларын ағымдағы жөндеуден өткізіп, сусорғы орнату мен бұлақ бастарын қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Төлеген Тұртайұлы.
Сонымен қатар, биыл ауданда жалпы ұзындығы 25,9 шақырымды құрайтын 20 көше орта жөндеуден өтті. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жалпы ұзындығы 33,3 шақырымдық 4 облыстық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттарлық жағдайы 89,2 пайыздан 90,3%-ға жетеді, ал елдімекендер жолдарының қанағаттанарлық жағдайы 73 пайыздан 80,1%-ға жетпек. Сондай-ақ, биыл Леңгір қаласы мен 13 елдімекенге 38,2 шақырым аймаққа түнгі жарық шамдар орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі