Түлкібас ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесеннің төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларды өзектендіруге байланысты аудандық жұмысшы топтың кезекті отырысы өтті.

Жиынға аудан аумағындағы жауапты мекемелер мен дербес бөлімдер офлайн форматта және ауылдық округ, кент әкімдері онлайн форматта қатысты.

Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – МӘМС жүйесінде азаматтардың сақтандырылу мәртебесін орнату болып тұр. Қазіргі таңда ауданымызда 18 404 азамат медициналық көмекті толыққанды алу мүмкіндігінен айырылып отыр. Олардың көпшілігі жалдамалы жұмысшылар, келісім-шартпен табыс табушылар және кәсіпкерлер, дербес табыс табушылар.

Жиында МӘМС жүйесінің жұмысын аудан аумағында үйлестіруші аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімінің басшысы Р.Қалдарбеков және аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары А.Ақылбаева бүгінгі таңда жүйеге азаматтарды өзектендіріп енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

Жиынды қорытындылаған Марат Сүгірәліұлы жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмай жатқан дербес бөлімдер мен округ, кент әкімдеріне сын-ескертпе жасап, жұмысты барынша жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар, МӘМС жүйесіне тіркелмей, жарнасын төлемей жүрген тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын қарқындату керектігін жеткізді. Себебі, жүйеге енгізілмеген тұрғынға сырқаттанып қалған жағдайда медициналық мекемелер тарапынан тиісті көмектер өз деңгейінде көрсетілмейтіндігін тілге тиек етті.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ