Тарихты таспаға түсіреді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету қажеттігі жөнінде айтты. «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», деді.

Осы орайда, өз ісін тиянақты атқарып, ел алғысына бөленіп жүрген еңбек адамын дәріптеп, оның абыройын асқақтатып, ынталандыру, кәсіби мамандарды насихаттау мақсатында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұған қоса, адал еңбегінің арқасында нәпақасын тауып жүрген, түрлі салада қызмет етіп мамандарды марапаттау үрдіске айналды. Жыл қорытындысымен үздік атанғандарға «Жыл үздігі» номинациясы белгіленіп, салтанатты шараға шақырту алуда. Бұған қоса, қарапайым жұмысшыларды мемлекеттік наградаға, аудан әкімінің Алғыс хатына, аудандық мәслихаттың Құрмет Грамотасына ұсынылуда.

Қазіргі таңда еңбегі көп болса да еленбей қала беретін мамандықтардың бірі фото-видео операторлары. Ауданда өткен кез-келген іс-шараны, мерекелік жиындарды таспаға түсіріп жүрген, «Жастар орталығы» МКМ –нің операторы Асылбек Өтебаевты көпшілік жақсы таниды.

Ауыр салмақты техниканы көтеріп, ұрымтал тұсты қалт жібермеуге тырысатын Асылбектің жұмысы құнды. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих десек, тарихты таспаға түсіріп жүрген оның қызметіне сұраныс та көп.

Асылбек 1984 жылы Төлеби ауданы, Алатау ауылында дүниеге келген. Алатау жалпы орта мектебінде біліп алып, ОҚМПУ-да педагог мамандығын меңгерген. Ауданның қоғамдық өміріне өз үлесін қосып жүрген азамат бүгінде 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.

Еңбек жолын 2007-2010 жылдары фото-видео операторы болып бастайды. 2010-2014 жылдары «AdiletGroupSecurity» ЖШС жүргізуші болған. 2014 жылдан бері Төлеби аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспекторы (БАҚ жауапты) қызметін атқарып келеді. Жауапты, әрі өз ісіне ұқыпты, ақкөңіл, ашық мінезді, адамдармен тез тіл табыса алатын Асылбек көпке сыйлы, жастарға үлгі.

Оператордың жұмысы төзімділікті талап етеді. Сапалы дүние шығару үшін жаңаша идея, шығармашылық фантазия керек. Адал еңбек адамды ер атандырса, Асылбектің мерейі әрқашан жоғары, шоқтығы биік дер едік.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ