Сауда орталықтары қаншалықты қауіпсіз?

Түркістан қаласы әкімдігінің “Бизнесті қолдау және дамыту” бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаевтың төрағалығымен “Қала аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандарда өрт қауіпсіздігін алдын алу мақсатында” дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Төтенше жағдайлар басқармасы мамандары және қаламыздағы жеке кәсіпкерлер қатысты.

«Кездесуіміздің басты себебі – кәсіпкерлік нысандардың басшыларына өрт қауіпсіздігі саласында нормативті-құқықтық актілерді түсіндіру.  Кәсіпорындар мен ұйым жетекшілері, кәсіпкерлік субъектілер өрт қауіпсіздігін ұстануға, қызметкерлерін қауіпсіздік ережелерін үйретуге міндетті, сонымен қатар кез келген төтенше жағдай туралы бізге хабарлауға тиесілі», – деді азаматтық қорғау подполковнигі Арман Қалдарұлы.

Сондай-ақ,мамандар өрттің шығуын алдын-алу мақсатында өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтау яғни объектіні өртке қарсы құралдарымен, кем дегенде 2 өрт сөндіргішпен, автоматты дабыл жүйесімен қамтамасыз ету керектігін ескертті.

Әдетте нысандарда өрт шығу себептері электр құралдары мен желілерінің дұрыс жұмыс жасамауынан, жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбаудан, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан пайда болады.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алды. Шара соңында Төтенше жағдайлар басқармасы мен бөлім мамандары бірлесіп бизнес субъектілеріне оқыс жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын бірлесе жалғастыру келісілді. 

ПІКІР ЖАЗУ