Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі студенттерінің өмірі

 

Студенттік өмір – сессиялар, күздік спорттық кросстар және де достарыңмен бірге өткізген ұмытылмас кездер. Жоғары оқу орындарында ғылым мен білім өзара тығыз байланысқан, сондықтан да студенттің алдында тұрған мәселелердің бастысы ол бар күшін, көңілін білім алуға жіберу. Достармен бірге өткізілген қуанышты күндер, ән-би кештері, спорттық шаралар – барлығы да студенттік өмірдің бір нышаны.
Студенттік шаққа саяхат жасап, тыныс тіршіліктерін көру мақсатында аудан орталығында орналасқан Түлкібас агробизнес және саяхат колледжіне ат басын бұрған едік. Колледж басшысы Әділбеков Сержан Жақсылықұлымен кездесіп, оқу орнының, студентердің хал-ахуалын білдік. Жалпы колледж 12 мамандық бойынша студенттар дайындайды. Соның ішінде бесеуі жұмысшы мамандығы. Қалғаны атаулы мамандық болып саналады. Оның ішінде қазір ең маңыздысы, сұранысқа ие – құзіреттік орталық. Колледжде автокөлікті жөндеу және пайдалану деген мамандық бар. Келешекте бұл мамандықты оқыған студенттер автокөлік жөндеу слесарьі болып шығады. Білім беру ордасында студенттерді бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығы, электромонтер мамандығы, тігінші, автослесарь, тағам өндірістік технологиясы, дәнекерлеуші, ветеринария мамандығы, туризм, қонақ үй шаруашылығы бойынша білім алуда. «Оқу жылы басында бізге облыстық білім басқармасынан грант орындары бөлінеді. Бұл мамандықтарды аудан әкімдігі мен аудандық жұмыспен қамту орталығы анықтап, ауданға осындай мамандардың қажеттілігіне байланысты, сұраныс обылыстық білім басқармасына беріледі. Облыстық комиссия сұранысқа қарай грант орындарын бөледі. Сонымен қатар жұмыспен қамту мәселесіне келетін болсақ 70% түлектер жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал, қалған 30% оқуын әрі қарай жалғастырып ЖОО-на түседі немесе өзін өзі жұмыспен қамтып, жеке кәсібін ашып жатады» – дейді оқу орнының басшысы Сержан Әділбеков. Облыстағы колледжер арасында аталмыш колледж алдыңғы қатарда. Себебі, әртүрлі олимпиадалар мен білім сайыстарында студенттер жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Соның ішінде көктемде екі студент “Worldskills» облыстық чемпионатында туризм саласы мен қонақ үй ісі саласы бойынша жүлделі бірінші орынды иеленді. Олар 2023 жылдың қаңтар айында Астанада өтетін республикалық чемпионатқа дайындық үстінде.
Қазіргі таңда колледжде 650 студент білім алуда. Барлығы дерлік грантта оқиды. Сыртқы бөлімде гидромелиорация деген мамандық оқытылды. Осы мамандық бойынша ғана ақылы негізде оқытады. 63 педагог маманы, 19 оқыту шеберлері бар. Бір ауысыммен бес күндік оқу тәртібімен білім береді.
Міне, біз білген және білгіміз келген ақпараттар осындай. Оқыту, білім беру саласы бойынша тиісті жауабымдызды алдық. Әрі қарай оқудан тыс уақытта студенттердің екінші үйіне айналған жатақханасына бет алдық. Колледж жатаханасы ескі болғанымен, мұнтаздай таза, ішінде бір жылылық сезіліп тұр. Алдымен төртінші қабатқа көтеріліп, жатын бөлмелерді көріп шықтық. Жатақханада 85 студент тұрып жатыр. Барлығына жағдай жасалған. Онда жатын бөлме, кітапхана, студенттік кеңес бөлмесі, ас бөлмесі, жуыну бөлмесі, демалу бөлмесі, тұрмыстық бөлме (кір жуып, киім үтіктейтін), акт залы, спорт залы және медициналық бөлме бар. Мерекелік кештер, іс-шаралар, спортық сайыстар акт залы мен спорт залда жиі ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, аптасына үш рет футбол мен волейболдан үйірме сабақтары өтіледі. «Мұндағы балалар өз баламыздай болып кетті. Оқудан кейінгі негізгі уақыттарын жатақханада өткізеді. Әрқайсысы әр үйдің еркесі болғанымен, осындағы тәртіп пен қағидаға бағынып, бір үйдің баласындай тұрып жатыр. Мен олардың жатақханадағы анасымын», – деп Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің жатақхана меңгерушісі Айтбаева Райхан Қалқабекқызы бізге жатақхана өмірін баяндап берді.
Ең қызық әрі ең керемет кез осы жатақханада. Кең бөлмелері бар үйіңізді ауылда қалдырып, шағын ғана бір бөлмеде төрт-бес адам болып тұру сіздің жеке бастағы өзімшілдігіңізді жоғалтады. Бір нанды бөліп жеу, көмектесу, бірге жүріп, бірге тұру секілді дүниелерді бастан кешесіз. Көршіңізге емес, көрші бөлмеге қонаққа бару, туған күн кештерін жасау, ән салу, би билеу, әңгіме дүкен құру – бәрі сіздің өміріңізге таңсық болып келеді. Бірақ, сол таңсық дүниеден көкірек көзіңіз ашылып, жаңаша өмірді достармен бірге сүруге деген ынтаңыз артады. Тіпті жатақхана екінші үйіңіздей болып, қателіктеріңізді кешіріп, жақсылығыңызды арттырады. Көмек керек бола қалған жағдайда, сізге көмек көрсетуге бүкіл жатақхана дайын. Бұл ештеңеден тарықпауға болады деген сөз.
Айтпағым, студент атанған күннен бастап әрбір уақытыңызды, әрбір минутыңызды қызыққа толы қылып өткізіңіз. Уақыт өте келе еске алатын әрі сағынатын сәтіңіз дәл осы шақ болмақ! Мен мұны студентік шақтарымды сағына отырып жазып отырмын.
Жұлдыз АМАНҚҰЛҚЫЗЫ.

ПІКІР ЖАЗУ