Түркістанда табиғи газ мәселесі шешіліп келеді

 

«Аманат» партиясы Түркістан қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті. Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ғ.Худияров төрағалық ететін кеңестің күн тәртібінде қаланы газдандыру мәселесі қаралды.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Е.Балабеков баяндама жасап, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.
Қазіргі таңда қаланы газдандыру мәселесінде 28 604 абонентке бет есебі ашылып, тұрақты газ тұтынуда. Оған қоса осы жылы 3 700 абонентке техникалық шарт берілгені сөз болды. Ендігі мәселе тұрғындардың өз үйлеріне газ кіргізуді жеделдету барысында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеген Түркістан өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары бірқатар мәселелердің орын алып отырғанына тоқталды. Ол абоненттердің заң талаптарына сай газ тұтынуы үшін бірінші кезекте тұрып жатқан үйінің құжаты түгел болуы тиіс. Бұл мәселе бұған дейін де айтылып келеді. Алайда, тұрғындар өз шаруасына салғырттық танытып отырғанын айта кеткен жөн. Осындай кілтипандарды алға тартқан баяндамашы тиісті мекеменің рұқсатынсыз үйлеріне газ кіргізіп алып отырған тұрғындардың да аз емес екеніне тоқталды. Мұндай азаматтарға 50 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Сондықтан үйіңізге газ кіргізетін кезде мердігер компаниялардың ешбіріне құлақ аспай, тікелей «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалынан арнайы рұқсат алуыңыз қажет. Онсыз тірлігім бітті деген ойдан аулақ болыңыз.
Кеңес мүшесі Б.Бейсенбаев Яссы мөлтек ауданында табиғи газ берілмей жатқанының себебін сұрады. Оған сол маңда құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компанияның техникалары жер қазу кезінде газ құбырына зақым келтіріп, қайта қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді (бүгінгі күні жұмыстар бітіп, газ берілуде). Сонымен қатар, баяндамашы атап өткеніндей рұқсатсыз табиғи газ пайдаланушылар қатары мол екені ескеріліп, оларға қандай жеңілдік қарастырылғаны айтылды. Себебі, 50 мың теңге кейбір отбасылар үшін ауыртпалық тудыратыны мәлім. Бұл мәселе бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан филиалы айыппұлды 2-3 ай көлемінде бөліп төлеуіне мүмкіндік жасап отырғаны мәлім болды. Дегенмен жеңілдік бар екен деп рұқсатсыз газ кіргізу адам өміріне аса қауіпті екенін естен шығармаған абзал.
Осылайша өрбіген жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Ғ.Худияров «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ төрағасының орынбасары Е.Балабековке тұрғындармен жұмыс жүргізу барысында бірінші кезекте олардың әлеуметтік жағдайын ескеру қажеттігін ұсынды.

ПІКІР ЖАЗУ