Дархан Сатыбалды: «Жайлы мектеп» жобасы аясында Төлебиде бірнеше мектеп салынады

 

 

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныс-тілектерін тыңдады. Өңір басшысы өңірді, ауданды дамыту жұмыстары жөнінде де баяндап берді.

– Бүгін Төлеби ауданына өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді талқылау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы жүктеген жауапкершілікті сезініп, жұмыс істеуге міндеттіміз. Елімізде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленуде. Салынатын мектептер жана форматта болады. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Төлебиде бірнеше мектеп салынады. Ленгірде – 1500 орындық, Бірінші Мамырда – 1500 орындық, Достықта – 900 орындық, Көксәйекте – 600 орындық, сондай-ақ Қосағашта 600 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарланып отыр, – деді Дархан Сатыбалды.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы 6 елді мекенде 6 жоба іске асырылуда. Екпінді елді мекенін электр қуатымен қамтамасыз етуге 110 млн. теңге қаралған. Бірінші Мамыр елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Момынай елді мекенінде жаңадан мәдениет үйін салуға қаржы қаралды. Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 19 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан халқының 99,8%-ы ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 90,4% немесе 109 мың тұрғын қамтылған. Ленгір қаласында 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Әкіммен кездесуде және жеке қабылдауда тұрғындар мектеппен, жолмен қамту, жер кезегі, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығын, қымыз шаруашылығын субсидиялау және өзге де мәселелерді көтерді. Өңір басшысы әрбір тұрғынның өтінішін тыңдап, олар бойынша тиісті жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.

Облыс әкімі мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін жүргізіп жатқан аудан кәсіпкерлері өндірген тауар көрмесін тамашалады. Жыл басынан бері Төлеби ауданында 100-ге жуық тұрғын мемлекеттің қолдауымен өз бизнес-идеяларын жүзеге асырған.

Осы жұмыс сапарында Дархан Сатыбалды Ленгір қаласында жуырда пайдалануға берілген «Ардагерлер үйінің» тыныс-тіршілігімен танысты. Демеушілер есебінен құрылысы жүргізілген ардагерлер үйі 5 бөлмеден тұрады. «Ардагерлер үйі» ғимаратында ардагерлердің еркін тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Олардың еркін пікір алмасып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруына арналған мәжіліс залы да салынған. Ардагерлермен, жүздескен өңір басшысы олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ