Жас ақынның алғашқы жыр шумағы жарық көрді

 

Осыдан бір ай бұрын, қыркүйек айының 20 жұлдызында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына хат жазып, жазған өлең жолдарынан үзінді жіберіп, сауалы бар екенін айтып, кездесуге шақырған жасөспірімді үйіне арнайы іздеп барған болатын.

Төлеген Тұртайұлы Диханкөл елді мекенінің тұрғыны, 11 сынып оқушысы Дүйсенбек Нұрдәулет Нұрғисаұлына жолығып, оның шығармашылығымен танысып, 2012 жылдан бері денсаулық жағдайына байланысты үй жағдайына білім алып отырған жас ақынның өлең жолдарын жинақтап арнайы кітап етуді басып шығаруға уәде берді.

Аудан басшысы айтқан сөзіне, уәдесіне берік болып, кітаптың жарыққа шығуына ықпал етті. Бүгін Қоғалы ауылдық округінде өткен кездесуден кейін, осы кезге дейін 70 ке жуық түрлі деңгейдегі шығармашылық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алған, 100 ге жуық өлеңдері бар Нұрдәулет Нұрғисаұлына 300 дана баспаханадан шыққан алғашқы туындысын табыс етті.

Жас ақынның жыр кітабы «Жас қалам» деп аталып, оған аудан әкімі алғы сөз ретінде өзінің жылы лебізін жазып қалдырды. Бұл жыр жинаққа ақынның кейінгі жылдарда жазылған жауһар, сыршыл жырлары топтастырылды. Қаламгердің туған жер, туған дала, мемлекеттік тілдің жанашыры ретінде жастардың бойына патриоттық сезім ұялату мақсатында жазған шығармалары оқырманды табиғилығымен өзіне баурап алуда. Тырнақалды өлең жырлары жарық көрген кітап ауданның барлық кітапханаларына жолданды.

Ауданның жас қаламгерімен кездесуге аудан әкімі Төлеген Тұртайұлымен бірге, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы барып, шығармашылығына табыс тілеп, оның мөлдірлік пен тұнықтыққа толған өлеңдері жастарды тәрбиелеп, үлкендерге ой салатын туынды болсын деген ізгі тілегін жеткізді.

 

ПІКІР ЖАЗУ