Ардагерлерге құрмет көрсетті
1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай, «Арай» дәмханасында кәсіпкер Әйгерім Әліқызы Әмірәлиеваның ұйымдастыруымен аға буын өкілдеріне арнап дастархан жайылды.
Ардагерлердің аса құнды кеңестері мен ақыл парасатын, ғұмырлық ғибратын үлгі тұтатындықтан аталған күнді атап өту дәстүрге айналды. Жылдағы үрдіс бойынша ардагерлерді айтулы мерекемен аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы, аудандық мәслихат хатшысының міндетін уақытша атқарушы Мадина Сейфуллақызы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбайұлы құттықтап, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып, өмір жолында адал еңбегі мен даналығымен, халықтың құрметіне ие болғандарға «Алғыс хат» табыс етті.
-Халқымыз қариясын сыйлап, “Қарты бар үйдің қазынасы бар”, деген. Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Бүгінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келесіздер,- деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.
Мерекелік жиында қазына қарттарымыздың құрметіне аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері концерт қойды. «Төріңнен қарт кетпесін» деп үлкенге құрмет көрсетіп келген дана халықтың ұрпағы ретінде сый-сияпаттың да қомақтысы да ардагерлерге арналды. Қоғам өміріне араласып, жас ұрпаққа өнегелі өсиеттері мен ақыл-кеңестерін айтудан жалықпаған ардагерлер әрқашан құрметке лайық. Мерекеде арнайы көңіл бөліп, құрмет көрсеткен аудан басшысына, кәсіпкер Әйгерім Әліқызына ардагерлер ризашылықтарын білдіріп, ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі