Жас ақынның шығармашылығымен танысты

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына хат жазып, жазған өлең жолдарынан үзінді жіберіп, сауалы бар екенін айтып, кездесуге шақырған жасөспірімді үйіне арнайы іздеп барды.

Аудан басшысы Диханкөл елді мекенінің тұрғыны, 11 сынып оқушысы Дүйсенбек Нұрдәулет Нұрғисаұлына жолығып, оның өлеңдерімен танысып, әңгімелесті.

2012 жылдан бері денсаулық жағдайына байланысты үй жағдайына білім алып келген жас ақын өз шығармаларын аудандық, облыстық газеттерде жариялаған. Осы кезге дейін 70 ке жуық түрлі деңгейдегі шығармашылық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алған, 100 ге жуық өлеңдері бар.

Атап айтар болсақ, 2020 жылы республикалық ҚР «100 үздік дарынды оқушысы» атты байқауға қатысып, І орынды жеңіп алып, арнайы төсбелгімен марапатталып, өлеңі арнайы кітапқа енгізілді. «Жас қаламгер» байқауында өлеңдері үздік деп танылып, «Жас қаламгер» медалінің иегері атанды. Халықаралық «ALASH STAR» өнер байқауында арнау номинациясымен жүлдегер атанып, І дәрежелі диплом иегері атанды. Сондай-ақ, өзінің білімімен пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орыннан көрінді.

Жас ақын Нұрдәулет Нұрғисаұлы аудан басшысымен өткен кездесуде өзінің сиясы кеппеген, еш жерде жарияламаған өлеңін оқып берді. Бұған қоса, мемлекеттік тілдің жанашыры ретінде жастардың бойына патриоттық сезім ұялату мақсатында жазған шығармаларымен таныстырды. Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына арнаған жыр шумақтарын жатқа оқыды. Ақылы, ой-өрісі кең жасөспірім өзінің журналист мамандығын таңдағанын айтып, БАҚ беттеріне өздерін толғандырып жүрген тақырыпты арқау етіп, мақала жариялап жүргенін де жасырмады.

Аудан басшысына өзінің шығармаларын кітап етіп басып шығаруды арман етіп жүргенін айтып, көмек сұрады. Төлеген Тұртайұлы жасөспірімнің ата-анасымен сөйлесіп, оның өлеңдері мен мақалаларын жинақтауын өтініп, оны кітап етіп басып шығаруға ықпал етуге уәдесін берді. Жас ақынға батырлар жыры жазылған кітап пен оның аудио нұсқаларын сыйға тартты

ПІКІР ЖАЗУ