Тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады

 

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылауы ерекше нотамен басталды. Қабылдауға келгендер сөзді ең бірінші өзін толғандырған мәселеден бастаса, бүгінгі кездесуге келген ақсақалдар аудан басшысына ақ батасын беріп, әрдайым ел игілігі жолында еңбек ете беруіне тілектерін жеткізді.

Қабылдауға келген Жаңажол ауылының тұрғыны балаларға арналған ойын алаңшасында қауіпсіздікті сақтау үшін мүмкіндіктер қарастыруды, ішкі көшелерге аяқ жол, түнгі жарық, жол кедергілерін орнатып беруді сұранды.

Біркөлік елді мекенінен арнайы келген бір топ азамат мектеп жасындағы балалар саны артуына байланысты білім ошағына жаңа ғимарат тұрғызып беру жөніндегі өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ, Боралдай және М.Мақатаев көшелеріне асфальт төсеуді сұранды.

Бірінші Мамыр елді мекенінің тұрғыны тұрғын үй құрылысы мақсатында алған жерінің шекарасы мен қызыл сызықтан асып кету салдары жөнінде сұрақтарын қойды.

Аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдап, айтылған мәселелер тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сала басшыларына қабылдауда көтерілген мәселелерді зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ