Түлкібас тарихы – тереңде!

Түлкібас ауданы — Түркістан облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлініс. Жер аумағы 2,3 мың км². Ауданы орталығы – Тұрар Рысқұлов ауылы.

Aудан Сырдария округіне қарасты, Шымкент уезі, Майлыкент болысының аумағында, орталығы Түлкібас стансасы болып, 1928 жылы 17-ші қаңтарда құрылғандығын мұрағат құжаттары растайды.

1930 жылы 17-ші желтоқсандағы Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің қаулысына сәйкес, осы жылдың 23-ші шілдесінде Түлкібас ауданы, Жуалы ауданына қосылды. Бес жылдай Жамбыл облысының қарамағында болып, 1935 жылы 9-шы қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында қайта шаңырақ көтеріп, орталығы Ванновка ауылы болып бекітілді. 1963-1966 жылдары Сайрам ауданында болды. 1928 жылдан тәуелсіздік алған жылдарға дейін ауданды 19 азамат басқарған. Тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейін ауданды 9 әкім басқарған.

1993 жылы 7-ші қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қазақтың қайсар ұлы Тұрар Рысқұловтың 100 жасқа толу құрметіне орай, аудан орталығы Ванновка ауылы Тұрар Рысқұлов ауылы болып өзгертілді. Қазіргі таңда аудан орталығы – Тұрар Рысқұлов болып аталады.

Түлкібас атауының шығу төркіні мен тарихи сыры қазіргі уақытқа дейін толық ашылмаған, әрі жұртшылықтың оған байланысты пікірлері де алуан түрлі. Алайда, санаулы зерттеулерге сүйенетін болсақ, бұл отаршылдық топонимнің негіз атауы Түркібасы (кейбір деректерде Түрікбасы) ауданы екені анық. Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұл ауданның аталуына, оның шығу тарихына қатысты бірқатар тұжырымдар бар.[4]

Сынаптай сырғыған уақытта дыбыстық өзгерістерге ұшыраған бұл мекен халық арасында Түлкібас деп аталып кеткен, оған қазақ тілінде «р» мен «л» дыбыстарының буындық ұқсастығына байланысты бір-бірінің орындарын жиі басуы себеп болды. Мысалы, «қаперімде» сөзі «қапелімде», «мұсылман» сөзі «мұсырман» сөзіне айналғандай «Түркібас» атауы да «Түлкібас» атауына ауысып, дыбыстардың өзара өзгеріске ұшырағанын байқалады.

“Түркі-басы” екінегізді атауын көне заманның көлбеуінде Қазақстан аймағын VI-XIII ғасырда мекендеген түркі тайпаларына байланысты этнотопнимдер қатарына жатқызамыз. Ауданның осылай аталу уәжін Махмутхан-шейх бабаның “түрік халқының басына барып жатамын” деп айтқан сөздерімен де жиі байланыстырады. Атаудың тура мағынасына үңілетін болсақ, түлкі басының бейнесінің орнына ежелгі заманның түркі тайпалары көз алдыңа елестейді. Әдебиет әлемінің шексіз айдынында еңбек еткен жазушы, әрі Түлкібас ауданының тумасы Мархабат Байғұт та осы пікірді ұстанады. Жергілікті халықтың аузында болса, ауданда жайлаған түлкілер жайлы әңгімелер, аңыздар, не ертегілер де тарамаған. Тіпті, шығыстанушы В.В. Бартольд өзінің 1893 жыл­ы жарыққа шыққан “Орта Азия сапарының есебінде” Түркібас атауының жергілікті халық аузында Түлкібасыға айналуы жайлы тұжырымын ұсынады.[5]

Ауданның Түркібасы болып аталуында қырғыз халқының дәстүрлі “Манас” эпосы да дәлел ретінде қарастырылады, себебі бұл дастанда қырғыз халқының түркі және қытай халықтарымен өзара әрекеттесуі баяндалады. Бұл дастанда Түркібасы атауы жайлы ақиқатты мына жолдардың өзі меңзеп тұрғандай сезіледі:

« Қазақ, қырғыз бірікті,

Қытайлардың соры екен.

Алты жүз мың қол болып,

Арада Қытай қамалып,

Бұрынғы аты Жылан су,

Түрікоғлы түмен барғаны.

Бас қосты бәрі түрік деп,

Жыланды аты жоғалып,

Түркібас атқы қалғаны.

Түркібас аты өшіпті,

Қазіргі ақыр заманда,

Түлкібас атқа көшіпті».

Осы жолдардың мұра ретінде бекер қалмағанын және осы сөздердің астарындағы мағынаны түсінген бойда, Түлкібас ауданының шынайы атауы Түркібасы деген тұжырыммен келіспеуге болмас.

Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 қарашадағы № 782 қаулысына сәйкес, Түлкібас ауданының тарихи Түркібасы атауын қайтару жайлы жобасы қарастырылуда.

Аудан байлығы – Ақсу-Жабағылы қорығы. Ертеде Батыс Тянь-Шань шатқалдарында мал өсірушілер бейбіт өмір сүріп жатады. Сол елге бірде аяқ астынан шапқыншылар бас салады. Содан айқас даласында ер азаматтарын қалдырған әйелдер мен балалар, кемпір-шалдар туған жерлерінен кетуге мәжбүр болады. Артынан соғыс аяқталып жатжерліктер кеткеннен соң, екі жылдан кейін өз отбастарына қайтып оралған жергілікті тұрғындардың таңданысында шек болмады. Олар сонау шұбырынды кезде көшке ілесе алмай қалып койған таныс биені екі жасар құлынымен көрген еді. Сол жерде ауылдың қадірлі ақсақалы қолын жайып: «Мұнан былай бұл жер Жабағылы деп аталсын» деген екен. Сол бір сөзден кейін Талас Алатауының батыс сілемдеріндегі кең де сұлу шатқал және тау Жабағылы аталып кеткен көрінеді. Қорықта Ақсу-Жабағылы таулары. Ақсу және Жабағылы өзендері бар. Одан төменіректе Иірсу, Дәубаба, батыс жағында Қараңгір, солтүстік жағында Боралдай, Қанай, Пістелі, Жыланды, Құлан таулары созылып жатыр. Ал ортада Түркібасы тауы зораяды. Қайыршақты ауылы. Бұл елді мекеннің тарихы тас дәуірінен басталады. Күні бүгінге дейін елді мекен болып келеді. Бұл жерде Темірдің Жарылқап аталарының ұрпақтары тұрған. 1929 жылдың аяғында жаппай ауылшаруашылық артелін құру басталған шақта Қарадөң ауылшаруашылық артеліндегі үй саны 60-қа жетті. Тап осы жылы Қайыршақты ауылынан Калинин атындағы ауылшаруашылық артелі отау тікті. Оның қарамағында 120 шақты үй болды. 1936 жылы Қайыршақты ауыл Кеңесінің қарамағында төрт (Калинин, Қарадөң, Қарағашты және Көктанды) колхоз болды. 1951 жылы колхоздар ірілендіріліп, Степь колхозына қосылып С.М.Киров атындағы колхоз болды. Арыс және Қайыршақты ауылдық кеңестері біріктіріліп, Арыс ауылдық кеңесі атанып, орталығы Ильинка (қазіргі Керейт) селосына көшірілді. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1993 жылғы 4 мамырдағы №2189-ХІІ қаулысымен Калинин атауы Қайыршақтыға ауыстырылды.

Қоғамымыздың бір туар қайраткері Т.Рысқұловтың ұсынысымен жиырмасыншы жылдары Ақсу-Жабағылы қорығы жарияланды. Ақсу-Жабағылы қорығы ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген. Бұл қорық Талас Алатауының Солтүстік-Батыс бөлігінің және оған көршілес Өгем жотасын алып жатыр. Оның негізгі аймағы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төле би және Бәйдібек аудандары және Жамбыл облысы Жуалы ауданы жерінде орналасқан. Сонымен қатар, қорық құрамына екі палентологиялық бөлім кіреді. Бірі Қарабастауда жер көлемі 126 га., екіншісі – «Әулие», жер көлемі 100 га. Екеуі де Бәйдібек ауданында қорықтың негізгі аймағынан 120 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қорықтың қазіргі жер көлемі 85754 га. Оның ішінде: Түлкібас ауданында-21255 га., Төле би ауданында-53597 га, Бәйдібек ауданында-231 га., Жамбыл облысы, Жуалы ауданында-10682 га. Қорықтың орталығы Түлкібас темір жол станциясының шығысында, 18-20 шақырымдай жердегі Жабағылы ауылында. Қорықтағы ең ірі өзен – Ақсудың ұзындығы 120 шақырым, ені 10 метрге жетеді, тереңдігі жарты метр. Ақсу-Жабағылы қорығында аң мен құстың 550 түрі, өсімдіктің 200-ден астам түрі бар. Олардың көпшілігі Қызыл кітапқа енгізілген. Аудан орталығы Тұрар Рысқұлов ауылында 21 мыңнан астам адам тұрады. Ауылды қақ жарып өтетін орталық көше бұрын Ленин атында еді, 1994 жылы Тұрар Рысқұлов есімі берілді. Аудан орталығында бүкіл Әлемге белгілі тарихшы-ғалым, қолбасшы – қайраткер Мұхаммед Хайдар Дулати мен түрік жұртына ортақ тұлға Тұрар Рысқұловқа ескерткіш орнатылған.

Көне тарих – бұрынғы ата-бабаларымыздың жолы. Өткен ғасырдан біздің дәуірімізге дейін сан қилы құпиясын қойнына алып, ежелгі дүниенің көне көз елшісіндей болған тарихи ескерткіштер біздің ауданымызда да жетерлік. Аудан аумағында бұрындары болған «Шарафкент», «Будухкент», «Томтодж», «Абардадж» деген үлкен қалалардың орны анықталған.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданда 1 ірі, 4 орта, 23 кіші және 4 қосалқы барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Оның ішінде белсенді жұмыс атқаратыны – 22, мезгілді жұмыс атқаратыны – 10.

Нәтижесінде 16624,4 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,2 пайызды құрады.

Түлкібас ауданы. Аудан облыстың шығысында, Талас Алатауы, Қаратау тауларының ортасындағы үлкен шұңқырда орналасқан. Жері өте шұрайлы, жасыл желекке оранған. Дүниежүзіне әйгілі Ақсу-Жабағылы қорығы да осында. Облысты кесіп өтетін Арыс өзені де Жабағылы тауынан бастау алады. Аудан құрамында 13 ауылдық округ бар. Аудан атауы туралы айтатын болсақ, ол ерте заманнан, шамамен ХІІ-ІХ ғасырларда осы аймақтарда билік кұрған Көк түркі кағанаты дәуірінде Түркібасы деген атаумен белгілі болғанға ұқсайды. Олай аталуына жаугершілік заманда жерінін табиғи қолайлылығына байланысты Түркі қағанаты билеушілері ордасының орналасуы негіз болған.

Ұрбұлақ ауылы. Ұрбұлақ ауылы орталықтан үш шақырым шығыс жағында орналасқан. Осы ауылдың оңтүстік жағынан кішкентай бұлақтар шыға берген. Бұлақтың көзін ашып, пайдалана бергенде суы тартылып, жоқ болып кетеді де, басқа жерден ұрланып шыға бергендіктен «Ұрбұлақ» деп аталған.

Кемербастау ауылы. Кемербастау – көне тілдік атау. «Кемер» сөзі қазіргі қолданыста «бастау» деген мағына береді. Қазіргі Елтай ауылында тау астынан шығатын бірнеше бұлақтың жиынтығынан тұратын Кемербастау-1 және Кемербастау ауылында дәл соған ұқсас тау асты бұлақтарының жиынтығынан екі бастау орналасқан. Кемербастау ауылы осы екінші бастаудың құрметіне ежелден «Кемербастау» ауылы атанған. Сол себепті, бұл ауыл колхоздастыру кезінде бастау атымен Кемербастау ұжымшары атанып, кейін ­Кемербастау ауылы болып қайта атанып кеткен.

Шұқырбұлақ ауылы. Шұқырбұлақ ауылы 1929 жылға дейін Шұқырбұлақ сайының екі жағына орналасқан болатын. Оның Шұқырбұлақ болып аталуы Майлыкент өңірінен басталатын бұлақ әр шұқырдан шығып, үлкен бұлаққа айналып, Арыс өзеніне құяды. Шұқырдың, одан шықкан бұлақтың көптігінен өзен Шұқырбұлақ болып, оның екі жағына орналасқан ауыл «Шұқырбұлақ ауылы» болып аталған.

Иірсу ауылы. Ауылдың қасынан ағып өтетін өзенінің иір-иір болып ағатындығынан, Иірсу ауылы болып аталып кеткен. 1952 жылдан бастап Иірсу, Диқан, Горный ұжымшарлары бірігіп, Победа колхозының Иірсу бөлімшесі болды.

Жыланды ауылы. 1917 жылы қазіргі «Жыланды» ауылы Владимировка поселкесі болып аталып келген. 1933-1952 жылдары «Восходящая звезда» ұжымшары (колхоз) болған. Жыланды өзені бойының жағасында көптеген жыландардың мекендеген ордасы болған. Сол жыландардың ордасының себебінен, халық арасында ауызша тарихи атау болып қалыптасты. Қазақстан Республи­ка­сының Жоғарғы Кеңесі президиумының 1993 жылғы 4 мамырдағы №2189- XII қаулысының қабылдауына байланысты Жыланды ауылы болып аталған.

Қарабастау ауылы. Қарабастау ауылындағы қасиетті «әулие» бұлақ бастауы болған. Бұлақтың әр жерінен көз-көз болып бұрқырап шығып жатқан, тереңдігі 1-1,5 метр үлкен көлшік болған. Бұлақтың шеттері қара топырақ лайшық болғанымен, суы мөп-мөлдір тұнық, таза, ішінде алтын жалатқандай балықтар жүрген. Суы бұрынғы үлкен қорымның (яғни мазараттың) астынан шығып жатқан. Қарабастау бұлағының адамдарға, малдарға емдік қасиеті керемет болған. Қазіргі таңда Қарабастау елді мекенінің тұрғындары бұлақтың суымен тіршілік жасап келеді.

ПІКІР ЖАЗУ