Құрметті түлкібастықтар!

Сіздерді барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлттық мереке – 25 қазан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Берекелі қоңыр күзде баршаға жан шуағы мен жайдары көңіл-күй сыйлайтын бұл мереке өткенімізді саралап, ертеңімізді бағамдайтын мерекелердің бірі болып отыр.

Елімізде бұған дейін Республика күні 25 қазанда – 1990 жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күні тойланатын.

Бірнеше жылдан бері үзіліп қалған мерекенің қайта жаңғырып, аталып өтілуі қуанарлық жағдай.

Ұшқан құстың қанаты талған, жүгірген тұлпардың тұяғы тозған ұланғайыр жерімізде өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Бұл күн еліміздің мемлекетке деген батыл қадамының нышаны болуы тиіс. Әрине, Тәуелсіздік күні басты ұлттық мереке болып қала береді. Ол күні еркіндікке қол жеткізуге зор үлес қосқан ұлттық қаһармандарымыз құрметтелуі керек»,- деді Мемлекет басшысы.

Біз осы уақытқа дейін үш онжылдықты бастан кешірдік. Алғашқы онжылдық – еліміздің негізін қалау кезеңі, екінші онжылдық – еліміздің өрлеу кезеңі, үшінші онжылдық – еліміздің кемелдену кезеңінен өттік. Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Жыл басынан болған оқиғалардан кейін еліміз жаңа бағытқа қадам басып отыр. Біз бұл бағытқа барлығымыз бірге, жұдырықтай жұмылып, жол бастауымыз керек.

Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлының Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кемел келешек пен жарқын болашаққа қадам басып келе жатқан өңірімізде әлеуметтік мәселелер шешілгенімен білім, денсаулық, мәдениет салаларында жөндеуді қажет ететін нысандар бар. Сол жұмыстар алдағы уақытта жүзеге асатын болады.

Елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу, орталық көше бойларына жарық шамдар орнату, абаттандыру жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді.

 

Құрметті жерлестер!

 

Аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігінің және еңбекке деген құштарлығының арқасында өңіріміздің дәулеті мен сәулеті артып, әл-ауқатымыз жылдан-жылға жақсаруда. Баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті жарқын болсын деймін! МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

 

Құрметпен, Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт

ПІКІР ЖАЗУ