Түлкібас ауданында Республика күніне орай 300 түп шырша ағашының көшегі отырғызылды
Ынтымақ пен ұйымшылдықты ту еткен түлкібастықтар бүгін тағыда бір игі шараға мұрындық болды.
Республика күні қарсаңында аудан әкімі Нұрлан Байғұт бастаған аудан тұрғындары мен зиялылары және ерікті жастары «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Ұлы дала қырандары» аллеясында бас қосып, 300 дана қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғызды.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын»-деп, ата-бабамыз бекер айтпаған. Кейінгі жастарға үлгі боларлықтай іске ұйытқы болған жандарға аудан ақсақалдары ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.
Айта кетерлік, бүгінгі таңда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан аудан орталығына кірер тұсында аудан әкімдігінің қолдауымен аудан тұрғындарының демеушілігімен «Ұлы дала қырандары» аллеясы соғылуда. Жалпы 2 гектар аумақты алатын демалыс орнына жолаушылардың демалып, сергіп алуы үшін барлық жағдайлар жасалмақ. Сонымен қатар, бұл жерде алдағы уақытта қазақ елінің бір туар азаматтары Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза және Балуан Шолақтың ескерткіштері бой көтермек. Айналасы толық абаттандырылып, көгалдандырылатын болады.
Бүгінгі таңда ауданымыздың тумалары ауыл көркін ажарландыра түсетін нысанды көтеруге өзара 150 млн. теңге қаржы жинап, құрылыс жұмыстарын іске асыруда. Нысан ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі