Республика күніне орай жаңа әкімдік ғимараты пайдалануға берілді
Түлкібас ауданына қарасты Жабағылы ауылында ұлық мерекеміз- Республика күніне орай жаңа әкімдік ғимараты ел игілігі үшін пайдалануға берілді.
Айтулы шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттарымен құттықтап, қуаныштарымен бөлісіп қайтты.
Үш мыңнан астам тұрғыны бар Жабағылы ауылдық округіне үш елді мекен қарайды. Сонау егемендік алған жылы әкімдік құрылымдары құрыла бастаған шақта округ әкімдігі ескі үйдің ғимаратында орналасқан болатын. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін бұл мәселенің түйіні шешілмей келген.
Жылына төрт мыңнан астам турист ат басын тірейтін аймақта аталған мәселе тұрғындар тарапынанда соңғы есептік кездесулерде жиі көтеріліп келген-ді. Аталған мәселе өзекті мәселелердің қатарына алынып, облыс және аудан әкімдігі тарапынан қолдау тауып, шешіліп отыр.
Мерекелік шарада ауыл ақсақалдары жаңа ғимараттың лентасын қиып, шалғай ауылға көңіл бөліп, жағдай жасап жатқан билік өкілдеріне шексіз алғыстарын жеткізіп, баталарын берді.
Өткен жылдан өтпелі болып бой көтерген заманауи ғимаратта халыққа қызмет көрсететін мамандарға арналған 8 бөлме мен туристтерге арналған арнайы бұрыш бар. Интернет және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі