Түлкібас ауданында 4 бірдей фельшерлік – акушерлік тіректің құрылысы іске асады

Биыл ауданымыз бойынша Шұқырбұлақ, Келтемашат, Тұрар және Ақбиік ауылдарынан заманауи фельшерлік-акушерлік тіректердің құрылысы іске аспақ. Нысандар келесі жылға өтпелі.

Осылайша соңғы жылдары елімізде, оның ішінде ауданымызда өзекті мәселе болып келген ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мәселесі рет-ретімен шешімін табады.

Бұл бағытта Мемлекет басшысы кезекті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медициналық тірек жоқ 650 ауылдың мәселесін шешуді тапсырған болатын.

Бүгін аудан әкімі Нұрлан Байғұт тың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында медицина саласындағы өзекті мәселелер, халықты жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асуы, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.

Бүгінде ауданымызда жалпы халыққа медициналық көмек көрсететін 67 мекеме бар. Олар 1- аудандық орталық аурухана, 1- аудандық емхана, 10- дәрігерлік амбулаториялар, 2- бастапқы медициналық көмек көрсету орталығы , 18 медициналық тірек, 21 фельдшерлік акушерлік тірек. Бұдан бөлек 50 мектеп ішінде арнайы кабинеттер қарастырылған.

Дегенмен, біршама елді мекенде медициналық нысандар талапқа сай емес.

Аталған мәселені кезең-кезеңімен реттеу мақсатында аудан әкім жауапты бөлім мен аудандық аурухананың бас дәрігеріне медициналық тіректі қажет ететін елді мекендердің барлығына тиісті құжаттарды дайындауды тапсырып, қажетті жер телімдерін бөлуді ауыл әкімдеріне жүктеді. Салалық бөлімге мәселені толық зерделеп, облыс әкімінің жауапты орынбасарына жобалық сметалық құжаттар әзірлеу үшін қаржы қарастыру мақсатында хат жолдауды тапсырды.

Сонымен қатар, лездемелік жиында Нұрлан Мархабатұлы ауданымыздың экономикалық әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететін көрсеткіштердің орындалу барысына тоқталып, межені жоспарға сай орындамаған бөлім басшыларына жұмысты барынша жандандыру қажеттігін ескертті.

Халықпен есептік кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, Заң талаптарына сай іске асыру бойынша тиісті бөлімдер мен ауыл әкімдеріне қосымша тапсырмалар жүктеді.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ