Қаратау ауылының 60 жылдық мерейтойы тойланды

Бүгін қойнауы қазынаға толы, Қарт Қаратау етегінде орналасқан Қаратау ауылының 60 жылдық мерейтойы өтіп, ән думанға оранды. Мерейтойға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов, аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев ауыл тұрғындары мен қонақтарын құттықтап, ауылдың гүлденуі мен өркендеуіне еңбегі сіңген бірқатар ардагерлер мен азаматтарға аудан әкімінің және аудандық мәслихаттаң алғыс хатын табыс етті.

Сондай ақ ақындар айтысы, жазба ақындар мүшәйрасы, қазақша күрес, аламан бәйге ұйымдастырылып ауыл көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы мереке көркін қыздырды.

Жазба ақындар жыр мүшәйрасында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, аудандық «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Мақсат Қарғабаев бас жүлде иегері атанса, бірінші орынды Алма Тілеубаева, екінші орынды Ардақ Сейілбекқызы, үшінші орынды Байділдә Айдарбеков пен Қалижан Құрманов иеленді. Сонымен қатар Ауылдың 60 жылдық тарихына қатысты деректерден құралған “Мекен тауым, мерей тауым” атты естелік кітаптың тұсауы кесілді.

Дүбірлі тойда қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды. 70 ке дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Шолаққорған ауылы тұрғыны Жеңіс Сәдуақасов бірінші орын иеленді. Түйе палуандық жарыста қазақша және белбеу күресінен спорт шебері Дәмен Дәурен түйе палуан атанды.

Сондай-ақ құнан және аламан бәйге ұйымдастырылып, ұлттық спорт ұлықталды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлделі орын иелері қомақты сыйлықтармен марапатталды.

Қаратау ауылының 60 жылдық мерейтойы аудандық және ауылдық көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ұласып, мереке көркін әнмен өрнектеді.

Байырғы еңбекшілер, совхоз басшылары, мекемелер басшылары баяғы кеңестік кезеңді еске түсірді. Ауылға еңбегі сіңген Сексенбай Тұрысбеков, Сайлау Асқарбаев, Сәтбай Ізбалаев, Сатыбалды Жанұзақов, Аманғали Аймұрзаев сөз сөйледі. Ауылдың 60 жылдық тарихына қатысты деректерден құралған “Мекен тауым, мерей тауым” атты естелік кітаптың тұсауы кесілді. Көршілес Қарақұр, Созақ ауыл округінің әкімі Ордабек Жәмиев пен Батыр Аяпов үй тігіп, меймандарды күтіп көршілік парызын өтесе, Ақсүмбе, Сарыжаз елді мекені да өз үлестерін қосты.

Ауыл азаматтары Ермахан Оразхан, Іргебай Омаров, Қазақбай Жүмеков, Бақытжан Төлепбергенов, Ерлан Ашықбеков, Қалижан Құрманов, Төлжанбек , Ораз, Мейрам, Орынбасар, Саясат, Ерғали, Рахым және тағы басқа ауыл әкімшілігі қызметкерлері, мектептер, мәдениет ұжымдарына, барша ауыл жұртшылығына елдің алғысы шексіз!

Жастық ғұмырын еске түсірген қариялар мәз, бірнеше жылдан көріспеген әріптестер бірін бірі көріп, ағайын -туыс, дос-жарандарымен құшақ жайысқан жалпақ жұртшылық тағы мәз мейрам!

Қарт Қаратау бөктерінде орналасқан, әрі осы қазыналы алып таудың атын иеленген Қаратау совхозының құрылғанына 60 жыл толуына орай ұлан асыр той, елдің береке бірлігінің арқасында үлкен дәрежеде өтті.

ПІКІР ЖАЗУ