Шақпақ және Жабағалы ауылдық округінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда
Бүгін аудан әкімі Нұрлан Байғұт бекітілген кестеге сәйкес төртінші тоқсандағы халық алдындағы есептік кездесуін Шақпақ және Жабағылы ауылдық округтерінен бастады.
Дәстүрге сай аудан әкімі кездесуде өткен есептік жиындарда халық тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, алдағы жұмыс жоспарын қамтып өтті.
Жалпы Шақпақ ауылдық округінде осы кезеңге дейін 18 мәселе көтерілген болса, соның бүгінгі таңда 4-і орындалып отыр, 2 мәселе бойынша Заң талаптарына сай түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, қалған мәселелер қаржыға байланысты келесі жылдың жоспарына енгізілген.
Аталған округте негізгі көтерілген жол, интернет және «Сергек» камерасын орнату мәселелері болатын. Бүгінгі таңда «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасы шеңберінде ішкі жолдар жөнделуде. Ал ұялы интернет жылдамдығын арттыру бойынша бүгінгі таңда антеналар орнату жұмыстары іске асуда. Жол қауіпсіздігі мақсатында «Сергек» камерасы күре жолдың бойына орнатылып қойған. Іске қосу жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айына дейін іске аспақ.
Жабағылы ауылдық округінде осы кезеңге дейін жалпы 9 мәселе тұрғындар тарапынан көтерілген болса, бүгінгі таңда 1 мәселе өз шешімін тауып отыр. Қалған мәселелер келесі жылдың бюджеті есебінен іске аспақ.
Жиын барысында Нұрлан Мархабатұлы еліміздің стратегиялық басты құжаты саналатын Мемлекет басшысының Халыққа Жолдауындағы айтылған басым бағыттарға тоқталып, Жолдау аясында ел игілігі үшін атқарылатын мәселелерді қамтып өтті.
Қос округте демеушілер есебінен атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, жомарт жанды азаматтарға аудан тұрғындары және өз атынан алғысын білдірді.
Кездесуден соң аудан басшысы жеке мәселелерімен ауыл тұрғындарын қабылдап, ұсыныс-өтініштеріне құлақ асты. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлім басшысы мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, әр өтініш пен ұсыныс заңды шешімін тапқанша бақылауда тұратындығын жеткізді.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі