Созақ тарихы-қазақ тарихы

Тәуелсіздікке 30 жыл

Созақ өңірінде есімдері елге белгілі шежіреші, тауып айтқыш ділмар, шешен қариялар өткен. Солардың қатарында өзіміз көзін көрген Жұмахан, Өтжан, Есіркеп аталарымыз бізге жеткізген әңгімелерді арғы аталарынан есітіп, құйма құлақтарымен тыңдап, жадына сақтап бізге жеткізссе керек. Әйтпесе солардың хатқа түскені кем де кем. Ауыз әдебиет дегеніміз осы болар. Сондай есті қариялардың ескі сөздерін есіне сақтап қалған, бүгінде өзі де елдің қариялары қатарына енген, кешегі ұстаз, блікті маман, тура биде туған жоқ деген қағиданы берік ұстайтын алтынтаулық Төребек ағамыздың атынан редакциямызға «Созақ тарихы-қазақ тарихы» деген тақырыппен біршама беттен тұратын өткен жылдардың жылнамасын еске салатын тарихи әңгімесі түскен еді. Соны көзі қарақты оқырмандардың назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ендеше Төребек ағайдың Теріскей тарихы туралы татымды туындысымен танысайық.

Мақсат Қарғабай

СОЗАҚ ТАРИХЫ-ҚАЗАҚ ТАРИХЫ

Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары (1841-1847) орыс патшасымен жағаласып жүргенде, Созақты Қохан хандығы 1810-1867 жылдары билеген. Сырдың оңтүстік бөлігін Хиуа, солтүстік бөлігіне Қохан әмірін жүргізген. Оған дәлел қазақ арасындағы “датқа” деген өзбекше қызметтің аталуы. Бұл Теріскейге мәлім, Құлтас, Мырзабай, Текей, Құтыбай, Түкібай, Сағындық, Үсенбай т.б датқалардың өмір сүрген кезеңі сай келеді. Қохан Созақ өңірінің сулы, егістікке жайлы, сауда ісін жүргізуге қолайлы Шолаққорған, Созақ, Қарағұр секілді жерлерге өз өзбектерін орналастырған. Кейбір деректерде қазақтың өз жерін өзіне малға, қызға сатқан деген мәліметтер бар. 1867 жылы генерал Черняев, бұл өлкені патшалық ресейге қаратқаны тарихтан мәлім. Мұнан соң ақ патшаға қызмет етер болыстық енген. Бұл орыстың “волосной” сөзін қазақшалап алған қызметтік атау.
Біздің Теріскей елін мекен еткен Қоңыр-Жиенбет руының болыстары; Бейсенбі, Байтуған, Иса, Қүнқожа, Жанәділ, Нарыштар болған. Созақ еліне қызыл үкіметтің қадамы 1928 жылы жетіп, аудан құрылғанға дейін алты болыс ел болған.
Олар: Қаратау болысы- оның қарауына Қоңыршұнақ атаның жеті баласынан тараған шаңырақ,
Сары өзек болысы- оның қарауына Жиенбет атаның жеті баласы мен Божбанның Жәукім атасы,
Көкшеқұм болысы- оған Маңғытай, Саңғыл ата ұрпақтары,
Үлкен Шу болысы- оған таманың Дәулеткелді, Қызылқұрт ата ұрпақтары,
Құршу болысы- оған таманың Жабал, Жөгі Құрақ, кіші жүздің Жеті ру, Әлімұлы, Байұлының азғана үйлері,
Созақ болысы- оған Созақ, Шолаққорған қыстақтарында тұратын өзбектер, тағы басқа ел арасына сіңіп кеткен ұлыстар енген.
Бұл болыстар Түркістан уезіне қараған. Әр болыста 1000 шаңырақтан кем болмаған. Халық жиі қоныстанған елді мекендерде 3000 шаңыраққа дейін бір болыс ел болған. Ал халқы сирек Созақ елі 1000 үйге толғанда болыстық құрған. 1900 жылға дейін Қоңыр-Жиенбет ұрпағы бір болысы болып келген. Аталған жылы атақты Абақ батырдың бас болуымен, Жиенбет ата ұрпағы “Сары өзек” болысын құрып, оған Иманбайдың Нарышын болыс етіп сайлаған. (Бұл туралы Е.Өмірбековтің “Болыстыққа талас” деген әңгімесінде айтылған). Әр шаңырақта 6-7 жан болса, аудан құрылғанда 35 мыңдай халық болған деп жобалауға болады. Ал сол Есіркеп көкеміздің еңбегінде 1,5 миллиондай майда мал, 50 мыңдай түйе, сонша жылқы болған еді- деп келтіреді. Бұл аса шындыққа келмес. Себебі 1920 жылы басқа өңірді білмеймін, атам Бейпенұлы Қалидың (1903- 1998) айтуынша Теріскейде “мешін” деген жұт орын алады.

Алты болыс елінен бөлек, Шалдар, Тутаңбалы, Сіргелілер-Жылыбұлақ болысына еніп, Шымкент уезіне қараған.
1917 жылан жылы болып, бүкіл Қазақ елі құрғақшылық, тиф деген жұқпалы ауруларға ұшырап, астық бітпей жұттан-тұралағаны тарихтан мәлім. Енді енді есін жиып келе жатқанда 1920 жылы “мешін жұты”- деген атпен аталған қиыншылыққа тап келеді. “Қыс ерте түсіп, тізеден асатын қалың қар жауып, ұзақ жатты”-дейді, атам Қали. “Көктемде шұбатылып кеш шықты, қолдағы 5-10 тұяқты, бұта сындырып асырап аман алып қалсақ, өрісте жайылған малдардан қатты шығын болды. Жанәділ болыстың өзі құр қол қалды. Үш мың жылқы бітті деген Теріскей өлкесіне аты мәлім, Абақтың Дайырбегі де көптің бірі болды.
Көктем шыға, жайлауға көшер жағдай жоқ, көпшілік Созақтағы өзбек ағайындардан дән алып, өзен, арық бойынан жер шұқылап, егіншілікке бет бұруға мәжбүр болды. Иса бір баласын атқа мінгізіп, Созақтағы қожа молдалардан бата алып келуге жұмсайды. Жүрер тұста -“Тоқта, қожа молданың батасы тері терсекке жүрер, сен Алла аузына “Әлхамды” салған тарақты Шылманбеттен биден бата сұрашы” деген екен. Бұл бата қабыл болып, Исаның қосының жағдайы бір екі жылда түзелген екен”- дейді, сол сұрапыл жылдарды көзі көрген, атам Қали. (Созақтан үш жүздің баласына кесім айтқан тарақты Шылманбет- би және маңғытай Шойынбет- би шыққан) Бұл сөзімнің дәлелі: 1928 жылы “Қаратау” болысы Жанәділ мен Дайырбекті тәркілегенде Дайырбектен 100 қаралы, Жанәділден 55 бас жылқы ғана хатталғаны бүгінде архивте тұр.
Жалпы Қаратау елі аса бай болмаған. Бізге қарасты ағайындарда Дайырбек пен Құлданда ғана біршама дүние, мал басы бітсе, көбісі орта шаруа болған. Кешегі заманда “әкеміз кедей болған”, бүгіндері “әкеміз бай болған” деп мақтанатын кезді саясат еткен замандастар, жоқты бар етіп, бай, батыр, биді ауызбен жасап жүрміз. Ал Арқа жайлаған кіші жүз ағайындарда “мыңды айдап, жүзді сапырған” байлар болған. Оған Өлке, Отыншы, Ерубай секілді елге қамқор, шапағаты тиген игі жақсылар болған. Шу бойындағы “Бөкенбай”, Саумалбайдағы екі күйдірілген қыштан салған зәулім сәулетті мазараттар да сол кіші жүз ағайындардан қалған мұра. Күн көрісі мал шаруашылығымен байланысты Созақ елінің “Бай бір жұттық” деген тақсыретін талай тартқан. Ал Шолаққорған, Созақта қоныс еткен ішкі сырын білдірмейтін байлар болған. Олардың кәсібі: сауда, тері илеп мәсі, етік тігу, қолөнер істерімен айналысқан. Қазақтың тегін жүн терісін дүниенің көзіне айналдырған өзбек ағайындар болған.

Созақ өңірін 1810-67 жылдар шамасында Қоқан хандығы билегенін айттық. Оның өкілдігін жүргізген қызмет атауы датқа. Олардың міндетті бар жоғыңа қарамай әр түтіннен 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, егістің 1/3, малдан 1/40 салықты жинап, Қоқанға жеткізу болса керекті. 1820 жылдары ауданға қыпшақ Тұрғанбай датқа әкім болады. Ол тәкаппар, қатал, қанқұмар пенде екен. Мұндай пенденің айналасына да ұрда жық, “шаш ал десе- бас алатын” әпербақандар топтанатыны белгілі. Ал жер-жердегі датқалар да, бүгінгі әкімдерге ұқсап еліне қорған болуға да, дәрмені де, ойда жоқ “ләппай- тақсырға” айналса керек. Тиымсыз кеткен Тұрғанбайдың шабармандары, ауыл сыртынан, аттан түспей; -“Кімсіңдер?” дегендерге -“Тұрғанбайдың жігіттеріміз, арғы жағын өзінің білесің” деп шіренеді екен. Ауыл адамдары “қойын сойып, қолын қусырып”, асты үстіне түсіп, астына ат, үстіне шапан жауып құтылады екен. Оны жасамағандарды сабап, есік алдындағы малын қуып кетеді екен. Тұрғанбайдың жүгенсіз кеткені соншалықты түскен үйге;-“Қойныма қыз салмадың” деп те шатақ шығарып есіріпті. Ел азаматтарының іші қазандай қайнап, ашу ызаға тұншығып жүргенде “қау шөпке от тигендей,” елде бір сұмдық оқиға орын алады. Серіктерімен аң аулап жүрген Тұрғанбай шөлдеп, шабарманының бірін, түйе бағып жүрген жетім баланың торсығындағы сусынды әкелуге жұмсайды. Шабарман бұтада ілулі тұрған дорбаны рұқсатсыз ала бергенде, Бала: -“Дорбада нең бар?” десе, -“Тұрғанбай әкел деп жатыр” дейді. Бала:  -“Ендеше сыртқы дорбасын тастап кет” десе, әкіреңдеген нөкер: -“Тұрғанбай керек етсе, апаңды да алар” дейді. Сонда балаң жігіт, қасқайып; -“Тұрғанбай бүйте берсе бір шабылар, Тор дорба қат болса- анасының астына тықсын, Қоңыраттың түйесінен жүн табылар” дейді. Мірдің оғындай елдің ыза кегіндей бұл сөзге шамданған, Тұрғанбай баланы төрт қазыққа керіп, қорлап өлтіреді. Бұл оқиға сол күні-ақ, Созақ даласына мәлім болады. Ыза мен намысқа булыққан жігіттерді бастап, ағайынды Есім, Қалдыаяқ батырлар датқаны үйінен алып шығып, ат артына байлап өлтіреді. Отбасына азаттық беріп, Түркістан асырған екен дейді. Мұнан соң Бабажан, Беглер деген датқалар өлкеге билік жасап, талай лаң салған. Азаттық аңсаған азаматтар бастаған, Қохан хандығының озбырлығына мұнан да басқа бас көтерулер болып тұрған. 1867 жылы Қохан зорлығынан құтылғанмен елді орыс озбырлығы күтіп тұр еді.

1867 жылдан бастап патша үкіметі Созақ даласына өз билігін орнатты. Созақ өлкесі Түркістан уезіне 6 болыс, Шымкент уезіне қараған 1 болысқа топтасқан еді. Ел басқару болыстық арқылы, болыс әр 50 үйден бір сайлаушылардың 3 жылға сайлаумен жүзеге асқан. Сайланған болысты өлкелік әскери губернатор бекітіп отырған. Болыстың міндетті: -патша өкіметінің жарлықтарын орындау,
-жергілікті жерде жайылым, шабындық, жерлерді бөліп беру, жер дауларын шешу,
– салық салып, оны жинау. Оның көмекші шабарманы сатаршынды болыстың ұсынысымен, уезідік басқарма бекіткен. Ал уезіді аға сұлтандар басқарған.
Ел басқару жүйесі сол кезде де пара, сатып алумен жүзеге асқан. Болыс, аға сұлтан болу, шен алудың қазақ арасында парақорлық, сыбайластық секілді жат қылықтар қалыптастырған еді. Ал би сайлау, билік жүргізуде дала демократиясы бар еді. Себебі биді дауласушы екі жақтың, “Кімге тұрасың?” -деген келісімі зор рөл атқарады.
Бүгін сөз етер болыстық тарих Қоңыр- Жиенбет аталарынан тұратын “Қаратау” болысы жайлы әкемнің ағасы Қали Бейпенұлының (1903-1998) өз аузынан естіген мәліметтер сөз болмақ. Әуелде болыстықты Ердестің екі баласы Құтыбай, Түкібай датқалар басқарған Балдысудағы Дәуті атаның ұрпақтары Бейсенбі, Ахметтер жүргізген. Абақ батыр арқа елінде мал жайылым жайымен ұзақ болып, шау тарқаннан соң елге оралып, Күнқожаны болыс сайлап, келесі бір сайлауда қайта Бейсенбі жеңіп, соңы Жиенбет ата ұрпақтарының 1000 шаңыраққа толуымен бөлек бір болыс болуы, Е.Өмірбековтің еңбегінде толық баяндалған. Сонымен қоңыр-жиенбет ұрпақтары “Қаратау”, “Сарыөзек” екі болыс ел болады. Мұны әзілге айналдырып, бір жиында Алшынның бір қу тілдісі, Абаққа, -“Қаратау болысынан бөлініп, бөлек болыс болдыңыздар, енді бір біріңмен қыз алысып, жекжат арттыратын боласыздар?” -деп шатады. Абақ;- Әй! Сен әкеңнен енші алдың ба, әлде бір ошақта отырсың ба?” дегенде, -“Иә алдым” дейді, Абақ: -“Алсаң, сонда әкеңмен бүгінде қыз алыстың ба?” дегенде, -“Жоқ, ойбай! жоқ, менікі қате болыпты” деп кешірім сұраған екен.
Тағы бір сайлауда Раң, Алтынтау, Сына жайлаған, Қоңырдың Қожан, Нияз, Тағай, Әлдекей, Қанкелді, және Дәуті атаның бес баласы бірігіп, Өмірәлінің Исасын сайлайды. Алайда тамыры жуан Бейсенбі келесі сайлауда қайта сайланады. Ұзақ жыл ел басқарып, ояз, губернаторлармен тамыр болған Бейсенбі атамыз, Түркістан шайханасында тәуір кісілермен әңгіме дүкен құрып отырғанда, бір екі сөзі ағат кетсе керек, оны байқаған Шораұлы Мұса: -“Көке, олай емес еді” дей бергенде,Бейсенбі:

-“Ей, басына қой сиген Шораның баласы, саған қалған сөз жоқ, малдың жайы болмаса” деп жекіп тастайды. Шаруа баққан әке, өзіне сайлау сайын ісі түсетін Бейсенбіге -“Баланың бәрін малшы еткенше, бас болмасада жаңыңда жүріп, жақсы сөз есітіп, ел ісін, көптің тәрбиесін алсын біздің Мұсажанды жаныңа ертіп жүр” дегендегі естіген сөзі мынау болғанына қатты қапаланған Мұса, еш жаққа бұрылмастан, теріскейді бетке алып шұғыл қайтып кетеді. Шора таңертең намазына тұрғанда, отау үй жанындағы баласының сорпасы шыққан қаңтарулы тұрған атын көріп, секем алады. Ұйқысынан тұрған бала, әкесіне келіп сәлем беріп, болған жайды түгел баяндайды. Шора көп ойлана келе, бір шешімге келіп, Мұсаның қолына бір қалтаны ұстатып тұрып, -“Мынаны Сынада отырған Исаға бер, сәлем айт!” дейді. Мұса жарау атпен кешкісін Иса үйіне түсіп, ағасы Шораның сәлемін жеткізеді. Істің мәнін айтқызбай түсінген Иса, қарт әкесі Өмірәлімен кеңескенде, “әке балаға сыншы” деген, таңдау Исаның 7 баласынан мал соңында жүрген 20-дағы Жанәділге түседі. Түркістанға жедел аттанған Иса жігіттері, қалтаны тиісті орынға табыстап, сайлауды қайта өткізіп, Жанәділ Иса ұлы 1906 жылы болыс болады. Мұнан соң ел ішінде “Шораның қалтасының аузы кімге қараса- сол болыс болады” деген сөз қалған. Шораға Қызыр қарап, мал дәулет біткен, қажылық парызын өтеген, момын шаруа жан болған еді дейді. Бүгінде ұрпақтарыда Аллаға шүкір, өсіп-өнген, еліміздің түрлі саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Менің білуімше, сол заманда Қоңырдың Әлдекей ата ұрпақтарынан 9 жан; Шора, Өмірзақ, Байәлі, Биәлі, Ершылық, Құлдан, Халифа-ана, Тоғалы қажылық парызын өтеген еді дейтін, Қали қария. “Көбек баласы Өмірәліге бақ қарап, дәулет біткен жан болған. Бірде ел қонаға, астарын алдарына ала бергенде, сырттан “Кім бар-ау” деген, дыбысқа шыққан жігіт оншақты құдайы қонақты үйге түсіреді. Үй иесі Өмірәлі, кемпіріне “Дайын тамақты әкеле бер, қонақтың сыбағасын таң ұзақ ғой, сонан соң саларсың” дейді. Үй ішіне дайындалған тамақ ортаға келеді, етті Өмірәлінің өзі турап, тұздығын құйып, екі қолымен араластырып, меймандарына “алыңдар” дейді. Ұзақ жолдан ашығып келген қонақтар асқа тез тояттайды. Қонақтар бәйбішеге сыбағаларын салдырмай, ырзалығын айтып тоқтады. Ертесіне әлгі мейманның бірі жолдастарына -“Сыртай естуші едім, Өмірәліге бақ қарап, қыдыр дарыған деп, екі қолымен асты көскенде, екі үйрек екі жеңінен шығып тегенені толтырып жіберді, асқа Алла берекет берді, ал біз тойындық” деген аңызға бергісіз әңгіме бізе жетті.
Өмірәлі мен Абақ батыр қатар, сыйлас замандас болған. Абақты Өмірәлі “Батырым” десе, Абақ Атаны “Бай” дейді екен. Өмірәлі сол заманның өлшемімен орта шаруа болған. Ал Жәнәділді ел “кедей болыс” атаған. Абақ оның Қызыр қарап рухани жан байлығын құрмет еткен болар. Өмірәлі ағайын арасындағы кедейлердің жер емуді үйреніп, өз бетінше күн көрсін деген ниетпен “Алтынтау” өзен бойын Божбан ата ұрпағынан сатып алады. Божбанның Көбелек, Сапарбай болыстарымен сыйласып, кейін Сапарбаймен бауыздау құда болған. Абақ 1803 жылы дүниеге келіп, 1903 жылы дүние салған. Ал Өмірәлі немересі Жанәділ болыс болған 1906 жылдан кейін дүниеден өткен. Сөзіміздің дәлелі: Жанәділ, Бейсенбіден болыстықты алғаннан соң, Балдысудағы ағайын арасы суып, қатынас азайады. Ал Жанәділ Бейсенбі атаны “Әке” дейді екен. Осы кезде Өмірәлі қайтыс болып, қазақтың “өкпеге қисада өлімге қимаған ағайын” дәстүрмен ас жиынды Бейсенбі ата басқарады. Келер жылы да “Ас ағасы” болуды Жәнәділ арнай барып -“Әке, атам Өмірәлі бір рулы елдің адамы емес еді, дауыс жетер жердегі үш жүздің баласының басын қосып, ас беріп, ат шаптырып елдің ісін жасамақ ойым бар, ал оны басшылық жасап, “Ас ағасы” болып, оны қалай өткізу өзіңізге сеніп келіп отырмын” деген өтінішін құп алып, Сынаның сазына 300, (кейбір деректе 500)  ақбоз үй тігіп, аброймен өткізеді. Ас соңында Бейсенбі: -“Сен мені әке дейтінің рас болса, осы үйлерді көшірген бетте Балдысуға тігіп, маған ас өткізесің” дейді. Жәнәділдің “Мұның мәнісі қалай болар екен” дегеніне қарамай, Бейсенбі ата айтқанын орындатқан еді- дейді. Өмірәлі мен Абақ қатар қарттық меңдеп бір бірінен хабарды “көңіл сұраушылардан” алады екен. Бірде “қара тілдің шебері” атанған Жақсыбай ата екі үш кісі әуелі Сынада отырған Өмірәлінің, сонан соң “Көкшенің құмында” отырған Абақтың көңлін сұрай барады. Сол кезден бар дәстүрме, сырт қымбат киімдерін арқан керіп іліп қояды екен. Абақ көңіл сұрай келгендерден, “Бай қалай? Барып көңлін сұрауға, өзімнің жатысым мынау, “жүз” мені жеңер түрі бар” дегенде, Жақсыбай ата: -“Байдың жағдайы жақсы, ол да сізге ұқсап, тон, шекпен, жағалы киімдерін іліп қойыпты, бірақ көңіл сұрай барғандарға өз қолымен кигізіп жатыр” десе керек, сонда Абақ: -“Ой, қулар-ай!” деп бір бір шапанын кигізген екен. Бірде бір көже іздеген көңіл сұраушы сөз арасында көсемсіп, -“Батыр, Қоңыр, Борай, Жиенбет аталардың ұрпағы өсіп 10-12 ата болды, осыған көзіңіздің тірі кезінде қазақтың дәстүрлімен батаңызды берсеңіз қайтеді”- дейді.
Жасы 100-ге жетіп, төсек тартып жатсада, Абақ батыр сауытын басына жастанып, найзасын босағаға қойып, тұлпарын ерттетіп белдеуге байлатып қояды екен. Әлгі сумақайдың “ақылын” сұлық тыңдап: -“Ей, пәленше мен сол баталасқан аталардың артынан кеткелі жатырмын, барғаннан соң, ұрпақтарымнан не хабарың бар десе, мен сендердің баталарыңды бұзып, ұрпақтарыңды ұйлықтырып келдім деймін бе? Бұл сөзді қай ақылыңмен айтып отырсың? Дайырбек әкел менің найзамды, жауым жанымда екен шаншып өлтірейін”- деп төсектен атой салып тұрмақ болғанда әлгі ақылмандар еңбектей қашқан екен. Бұл ашу үстіне жасалған іс болса да біздер үшін ұрпақтан ұрпаққа кетер өнеге.
Жәнәділ болыс болып елмен таныса шыққанда, бұрынғы болыстардай барған жерінде тай сойғызып, аста төк меймандық жасауды қаламай тиыпты. Мұны естіген бір атамыз; -“Жәнәділ шырағым, асты сен жемесең, сен келді деп жиналған көп жейді. Көпте жарлы мен жақабайлар болар. Олардың ішкен жегені береке, көптің тілеуі болады, ол пайғамбардың тілеуінен кем болмайды. Мұнан кейін ел салтын бұзба” дегенде, -“Қария бұл сөзіңізге құлдық” деп келіскен екен. Өмірәлі Божбанның ұзақ жыл болысы болған Сапарбайдың баласы Шерездиянға қызы Талмашты беріп құда болған. Жәнәділ болыс болып атқа мінгеннен соң, бір жағы сәлем беру, әрі батасын алмақ болып, Ақсүмбеге барады. Сапарбай аттан түсіп, үйінде отырып қалған кезі болса керекті. Кәрі тарлан жас өренді сынап, түрлі әңгіме тізгінін жіберіп, Жәнәділдің ел басқаруға лайықты жан екендігіне көзі жеткеннен соң; -“Атаң Өмірәлі бақ қарап, қыдыр дарыған жан, сол қасиетті сенің бойыңнан да көргендеймін, елді бастар ері болса- ел азбайды, шұғылданар кәсібі болса- тұрмысы тозбайды, мен мынау жас келді, уақтында қолдан келген қызметі атқардық. Енді кейінгі жастардан талаты елді бастар ер шыға ма, шықпай ма? Мені осы сұрақ мазалап жүр”- деп ішкі сырын жаяды. Таңертең намаздарын өтеп, шайға отырғанда, Жәнәділ; -“Көке түндегі қозғалғалған әңгіме шешімі болсын, ауылдағы жасөспірім балаларды көруге мүмкіндік жасаңыз” дейді. Ауылда асыр салып жүрген балаларды жинап, “Құдаға сәлем беріңдер” деп біртіндеп сәлем бергізеді. Сонда бір қара баланы көрсетіп, -“Мен түнде түс көрдім, түсімде патшаның алдын кескен жарық сәуле көрдім, сол жарық сәуле бұйыртса осы бала болар, осы баланың қамын жеңіз” дейді. Сапарбай әлгі баланы Түркістанға кейін Тәшкенге оқуға ықпал етіп, бұл бала бүкіл қазақтың маңдайына біткен дара тұлға Сұлтанбек Қожанов болып еді, дейді кәрі құлақ.
1956 жылы Жәнәділ елге келді, ағайынмен арқа жарқа болып қауышып, үйден үй дәм татуға шақырды. Біздіңде боз бала кезіміз “Болыс көкелеріңе сәлем беріңдер”дегеннен соң, кіріп біртіндеп қолын алдық, қабағы қалың қасты, қапсағай бойлы, ойлы жүзбен төмен қарап отырады екен, “Ассалаумағалейкүм” деген сәлемізге, басын көтеріп, жүзіңе бір қарап, “сен Әбіш ата тұқымысың” деп, сол секілді барлық балалардың кімнің жұрағаты екендігін айтқызбай білгеніне таң қалдым” дейді, бүгінде жасы 80-нен асқан Жорахан қария. Жәнәділді елдің құрмет еткенін көре алмаған белсенділер, “үкіметі жамандап насихат жасап жүр” деген арыз жазады. Осылайша ол кісіге топырақ 1959 жылы Келестен бұйырған. Мұндай қасиет Абақ батырда болғандығын Есіркеп көкенің еңбегінде: аттың сынын, адамның болшағын жазбай танитындығын келтірілген. Жалпы Жаратушы Алла адам баласын аса қасиетті етіп жаратады, бірақ харам ас, жат қылық ниетті бұзып бойындағы киелі қасиеттерді жойады. Ел Қохан хандығына қараған кезде, қарым қатнас Сайрам, Тәшкен, Қоханға сапарласа, орыс патшалығына қарағаннан соң, Атбасар, Қараөткел, Қояндыда өтетін, жәрмеңке, жиын, съездерге барып жүріпті. Салық тек “түтін пұл” ғана жиналып, Қоханның аты көп салығынан құтылады. Жәрмеңкеде мал бағасы біршама көтеріңкі болған. Жылқы 45-50, сиыр 25-30, қой 6 руб болса, тері сиыр 6, жылқы 4, қой 1 руб, жүн өткізіп, қаныт шәй, мата, құрал сайман алған. Бұл ресейден келіп қоныстанған қарашекпенділер тұтынуына қажеттіліктен туған еді. Басқа қазақ баласы секілді Қаратау елі көктем шыға әлгі айтқан жәрмеңкелерге табындап жылқы, отарлап қой айдап, жүн терісін артқан түйе керуені сапарлайтын болған. Жәрмеңке алты айға созылады екен. Әр болыс өз аброй беделін көтеру үшін, айтыскер ақын, топқа түсер шешен биін, бәйгеге қосар тұлпар, күреске түсер палуанын, сойыс мал, саба саба қымызды ала баратын болған. Бірде бір жиынға Бейсенбі, сайлаудың әлегімен жүріп дайындықсыз барыпты. Хабарламашы келіп, “Қаратау” болысы ертең күреске түсетін балуаныңызды атаңыз дегенде, оң жағында отырған, Есім батырға көзі түсіп, “Есім күреседі” дейді, ал бәйгеге қосар атыңыз дегенде; “Есімнің қара қасқасы” депті дейді. Жолдастары, “мақұл осы келгендерден күреске Есімнен артық ешкім жоқ, ал “қара қасқаны” қалай атадыңыз?” дегенде, ” Көрде тұрыңдар, 8 пұт Есімді көтеріп, қашқан жауды құтқармаған “қара қасқаны” дайындасаңдар, бәйгенің алдын алды” депті, айтқандай-ақ, күресте Есім бас жүлдені алса, бәйгеде “қара қасқа” бас бәйгені алыпты.

Бабам Бейпен бір сайлау Жанәділ болыстың старшыны болып, арқа жеріндегі бір жәрмеңкеге ағайындарымен барады. Қызық қуған қазақтың күресі айға созылады екен, Бейпен өзі теңдес бір палуанмен, інісі Бейсенбі де бір палуанмен күресіп жеңіске жетіпті. Күрес мәресіне таянғанда ортаға бұқа мойын шынжырмен жетектеген бір дәу шығыпты. Хабарламашы”бәйгесі 200 руб кім қарсы шығады?” -деген жарнамасына алғашқы күні ешкім шықпапты. Ертесіне бұл көрініс тағы қайталаныпты, сонда қой айдап барған ең кеже 19 жасар інісі Нұрсейіт сырт киімін шешіп тастап,”мен шығамын” дейді. Ағалары “майып боласын” дегеніне, қаны қызған көпшілік “жығылса жер көтереді” деп ерік бермей күрестіреді. Алла аброй беріп, жас пері әлгі диюды омақаса құлатады. “Дереу үстімдегі шекпенмен орап, топтан алып шықтым, денесіне көзім түскенде білек, сан еттері атан түйе сан етінің білеуіндей екендігін алғаш аңғардым. Бала кешкісін-ақ мазасы болмады. Дереу жолға жиналып елге бет түзедік, бірақ баладан жолда айрылдық. Әкем Темірәлі жайсыз түс көріп, түстік жерден алдымыздан шықты. Әкеміз; біреуің күрестің мақұл, екеуің күрестің мақұл, қасыңа қосылған албырт балаға ие болмадыңдар- деп, қатты ұрысты. Мұнан бұлай, “Елдің алды болма- көз, арты да болма- сөз тиеді” деген, болыста болма, би де болма, бименен болыс түсер үй болсаңдар жетеді”- деген соң, шабармандық қызметімді өткіздім- деп, әкем Бейпен ұрпағына ескерту жасаған еді деп сөзін аяқтады Қали қария. 14, 15 жасар кезім, ағам Жәми екеуміз, адамның қасқыры мен түздің қасқырынан қорып, жылқы соңында күні түні жүреміз. Соңғы кезде бір арлан қасқыр шығып, жылқышы біткенді шулатты. Еш нәрседен еш кімнен қорқуды білмейді. Небір аңшы шоқпар сойылын алып шыққанымен айбатынан ат үркіп маңайына жоламайды. Бейсенбі көкем бір күн дайындалып, ішіне қорғасын салып өрген дырду қамшы тауып, атын даярлап, әлгі қасқыр шығар қырқаға жылқыны өрістетіп барады. Қасқыр еркін басып, жылқыға беттеп келе жаттады, көкем жақындап барып аттан түсіп, қамшыны мығымдай ұстап, есікпен төрдей жақындағанда, қасқыр бауырын жерге төсеп, атылардай жатып алыпты. Көзінен көзін айырмаған күйі екі құлақтың ортасы, қақ маңдайдың тұсы деп қамшыны бір сілтеп, бұрылмай өтеп жүре беріпті. Сонда қасқырдың басы қақ бөлінген екен. Кейін терісін 12 қанат кереге басына ілгенде құйрығы жерде жататын, ал Бейсенбі көкем 9 пұт келетін, мініске ат шыдамай үнемі атан түйе мінетін еді- деп еске алатын атам Қали.
Теріскей елінде, топқа түсер әнші, жыршы, күйші мол болғаны мәлім. Кешегі кеңес үкіметінің саясатына қарсы деп, Китіңнің, Бердібек, Назарлардың мұралары айтылмай, ұмтылды. Өз бабам Назардың Төлеу-Теңге деген ағайынды қызбен айтысымен бір әнін 1975 ж Жамбылдағы Данияр көкемізден естігенім барды. Ол кезде жазып алу мүмкіндігі болмай, ұмыт болды. Біздің Созақ өңіріне Нартай ақын жиі келеді екен, Нартай;-“Арқа қыздыру болсын, Назеке сөзді сіз бастаңыз” дейді екен, сонда Қарағұрдан шырқаған дауысын, Алтынтауда төсекте жатып (8-9км) естуші едік, дейтін Қали қария. Бәйгеге қосып, үш жүзді шаң қаптырды деген тұлпарлар болды деген сөз естімедім. Қаратау елінің жылқы баласы жабы, қарабайыр болып, қазанаты кем болған. Ауыл арасы, жиын тойда қызықшылыққа жарар аттары болсада, баптап сұрыптар пәленше деген атбегі болды дегенді де естімедім. Мұнан Созақ елі жырға құмар, шаруаға соншалық берік болмаған-ау, деп шамалаймын. Ал білекті жігіттері болғанмен, елдің шарлардан жырақ жатуы, өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндікте болмаған болар. Ал Есім секілді озбыр билік, ұры барымтаға тосқауыл қойған ерлер әр ауылда болған. Есім-Қалдыаяқ әкеден жастай жетім қалған. Қыстаудан жайлауға көшкенде жалғыз түйесіне шайласын артып, анасын міңгізіп келе жатқанда екі қарақшыға тап болады. Қарақшыда мейрім болама, түйені босатып беруді талап етіпті. Сонда Есім үйдің бақанымен екі қарақшыны аттан ұрып түсіріп, екі қолын артына байлап жөніне жіберіп, аттарын олжа еткен екен. Сонда Есім 14 -те, інісі 12-де екен. Әлгі қарақшының бірі еліне (найман) жете алмай жола марқұм болып, құн сұрағанда “жас баладан таяқ жеп, қарақшы жазым болды” дегендерің қисынсыз, өз ажалынан өлген болар деп құн төлемеген екен- дейді Қали қария. Бұл ерлігі елге жайылып, ел иелерінің оң жағында жүрер батырлары болған екен. Кешегі соғыс алды күні түні еңбек. Бір сәт үзілісті ойын мен күлкі, әнмен жырға берер кез. Кейде жігіттерді күрестіріп көңіл көтеру жиі болады. Көптің көкейіндегі құмарлығы- ағайын болып келетін Нарбота мен Қозыкені күрестіру. Бірде көпшілік қолқалап екеуін ортаға шығарып жатқанда қариялардың бірі; “ағайындыны күрестіріп, араз болсын дейсіңдер ме? Оданда күштерін көрсетсін” деді. Сонда Нарбота өзі мініп жүрген төрт жасар атанның астына кіріп, екі қолымен түйенің төрт аяғын қапсыпып тұрып жүре бергенде ел ду қолшапалақтайды. Кезек Қозыкеге келгенде, ол атына мініп желе жөнелді. Сырын білер бір кісі екі балаға; “артынан көрінбей ілесіңдер” тапсырады.

Төребек Тұрғанбекұлы, ардагер ұстаз

ПІКІР ЖАЗУ