Ақтөбеде депутаттың әрекетіне шағымданған фермер өзін “Аманат” маңындағы шарбаққа шынжырлап тастады
4 тамызда фермер Қайрат Жәкішов өзін AMANAT партиясының Ақтөбедегі бөлімшесі жанындағы шарбаққа шынжырлап тастап, наразылық білдірді. Жәкішевтің айтуынша, Ақтөбе облыстық мәслихатына AMANAT атынан сайланған депутат Естай Сейсенбаев “алаяқтық жасап, үш фермерден 100 млн теңге өндіріп алмақшы”. Ал депутат фермердің айтқанын жоққа шығарады.
– 2020 жылғы қаңтар айында біз Сейсенбаевтың “Огородник” шаруа қожалығын сатып алмақшы болғанбыз. Кепілдікке қоятын мүлкіміз болмай, нотариусқа барып 97 млн 500 мың теңгені займ ретінде рәсімдедік. Қожалықтың миллиондаған қарызы барын кейін білдік. Шаруашылықтың ескі техникасын жөндеу үшін 14 млн теңге 500 мың теңге жұмсадық. Алданғанымызды білген соң сол жылы тамыз айында “Огородникті” иесіне қайтардық. Екі жыл өткен соң Сейсенбаев бізге жала жауып, құжат жүзінде ғана болған 97 млн 500 мың теңгені талап етіп отыр, – дейді Қайрат Жәкішев. Фермер Жәкішев бейсенбі күні сағат он бірлер шамасында өзін AMANAT партиясы Ақтөбе филиалы жанындағы шарбаққа шынжырлап тастады. “AMANAT өз мүшесінің озбырлығына назар аударсын” деді ол.
Қолына плакат ұстап, көшеде жарты сағаттай тұрған Қайрат Жәкішевті AMANAT партиясы Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Асылжан Бүркіталин ғимарат ішіне алып кетті. Жәкішев пен Бүркіталин партия ғимаратына қарай беттеген кезде оқиға орнына полиция көлігі де келіп жеткен болатын.
AMANAT партиясы Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Асылжан Бүркіталин түстен кейін Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында “тараптарға түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін” айтты.
– Сейсенбаевтың қолында құжаттары бар. Құжатта осыдан екі жыл бұрын Қайрат Жәкішов пен тағы екі фермердің депутаттан 97 млн 500 теңге займ алғаны жазылған. Бұл дауды қазір Ақтөбе соты қарап жатқандықтан партия араласа алмайды. Бірақ бақылауда ұстаймыз, – деді Бүркіталин.
Ал Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Естай Сейсенбаев “бұл мен депутат болмастан бұрын басталған ескі дау” дейді. Айтуынша,ол фермерлерден екі жыл бойы ақшасын қайтара алмай, сотқа жүгінуге мәжбүр болған. “Мәселенің ақ-қарасын сот шешеді, менің арым таза” дейді депутат.
Ақтөбе облыстық мәслихатының сайтындағы ақпаратқа қарағанда, депутаттыққа AMANAT партиясының атынан сайланған Естай Сейсенбаев облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комисииясының мүшесі.