Қытай министрі Пекин Нұр-Сұлтанмен ынтымақтастықты “арттырады” деді. Қазақстан СІМ өте жұтаң ақпарат таратты

 Пекин Қазақстанмен ынтымақтасты арттырады. Қытай сыртқы істер министрі Ван И қазақстандық әріптесі Мұхтар Тілеубердімен кездесу кезінде осылай деп мәлімдеді. Дипломаттар 28-29 шілдеде Ташкентте өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің сыртқы істер министрлерінің жиыны барысында кездескен.

 Қытайдың Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Ван И тараптар ақпан айында Пекинде екі ел басшылары жасасқан маңызды келісім “елеулі нәтиже” беретіндей жұмыс істеу қажет деп атап өткен. Сонымен бірге “барлық саланы қамтитын стратегиялық әріптестікті кеңейтіп, екі ел арасында тұрақты қарым-қатынастың дамуына ықпал ету қажеттігін” алға тартқан.

 Xinhua жазуынша, Мұхтар Тілеуберді екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толған шақта “екіжақты қатынастың жаңа алтын кезеңіне енуге дайын екенін” білдірген. Тілеуберді қытай әріптесімен кездесу кезінде Қазақстан  іске қосқанын да атап өткен.

 Қазақстан сыртқы істер министрлігі ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында Тілеуберді мен Ван И арасындағы кездесуден толымды ақпарат таратпады. Қазақстан СІМ-нің жұма күнгі хабарламасында ШЫҰ-ға мүше ел басшыларының қыркүйек айындағы кездесуіне дайындық аясында аталған елдердің сыртқы істер министрлерінің Ташкентте кездескені жайлы ақпарат бар. Онда Тілеубердінің Қытай, Үндістан және пәкістандық әріптестерімен кездескені қысқаша айтылған.

 Шілде айында Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында Қытай сыртқы істер министрі Ван И Қазақстанға барған . Нұр-Сұлтанда қытай дипломаты президент Қасым-Жомарт Тоқаев және сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездескен. Ван И мен Тоқаев кездесуінен кейін Қытай сыртқы істер министрлігі Пекин “Орталық Азия елдері сыртқы араласуларға қарсы тұрып, үйлестіру жұмыстарын нығайтады, адал әріптестікті жалғастырып, аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп үміттенеді” деген хабарлама таратты. Онда сонымен бірге Қытай “Орталық Азияда ешқашан геосаяси мүддені көздемеген және сыртқы күштерге аймақта толқуларды қоздыруға жол бермеген” деп жазды. Ал Ақорда хабарламасында Ван И-дің бұл сөздері айтылмады.

 Батыс сарапшылары Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Орталық Азия елдері Мәскеуден алшақтауға тырысады деп болжайды. Аймақ елдеріне көп несие беретін және маңызды инвесторлардың бірі Қытай осындай жағдайды пайдаланып, Қытайға қарсы көңіл-күй қалыптасқан Орталық Азияда ықпалын арттыруға тырысып жатыр.

ПІКІР ЖАЗУ