Шешенстанда жұмыссыз ерлерден әскерге бармау себебін түсіндіруді талап етіп жатыр

 Шешенстанда әскери қызметкерлер жұмыссыз жүрген ерлерден неге әскерге бармай жүргенін түсіндіруді талап етіп жатыр. Азаттықтың Кавказ.Реалии сайты хабарлауынша, мұндай талап айтылған аудио месенжерлерде тарап кеткен. Ақпаратты шешенстандық шенеуніктердің бірі Кавказ.Реалии сайтына растаған.Интернетте тараған аудионың бірінде әйел адам шешен тілінде “21-49 жастағы жұмыссыз жүрген ер адамдар 25 шілдеге дейін жедел түрде сауалнама толтыру керегін” айтады. Сауалнамада ер адам неге әскерге бармай жүргенін түсіндіруі тиіс я әскерге барғысы келетінін айтуы керек. Ал мүгедектер әскерге жарамайтыны туралы дәлел ұсынуы қажет.

 Кавказ.Реалии маусымның соңында Шешенстанда төрт батальон құрылғанын, бұл батальонға адам жетпегендіктен полицейлер жіберілгенін хабарлаған. Шешенстан тұрғындарының айтуынша, қазір аймақта жұртты полицияға жұмысқа шақырып жатыр. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров жаңа батальондарға полицейлер мен Росгвардия қызметке алынғанын “олардың кәсіби біліктілігімен” байланыстырған. Кавказ.Реалии бұған дейін Рамзан Қадыров Ресей президенті Владимир Путинге апта сайын Украинадағы соғысқа Шешенстаннан кемі 200 адам жіберуге уәде бергенін жазған.

 Шешенстандық құқық қорғаушылар мен блогерлер аймақта адамдарды ұрлап, Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберіп жатқанын хабарлаған. Мәселен, Серноводское ауылының тұрғыны Шамиль Сасламбековті (Сосламбеков болуы да мүмкін) ұрлап әкетіп, соғысқа бармасаң өтірік іс ашып соттаймыз деп қорқытқаны да айтылды. Ол соғысқа аттанып, сонда қаза болған деген ақпарат та бар. Мамырда Шешенстаннан соғысқа аттанған “еріктілер” қатарында сотталғандар да бары хабарланған.

ПІКІР ЖАЗУ