Алматыда сайлау заңына түзетулерге қарсы шыққан тұрғынды полиция ұстап әкетті
24 шілдеде Алматыда “тәуелсіз бақылаушылардың мүмкіндігін шектейтін” түзетулерге қарсы шығып, пикет өткізген қала тұрғыны Данияр Супиевті полиция ұстап әкетті. Белсенділердің хабарлауынша, оны Бостандық аудандық полиция басқармасына алып кеткен.
Журналист Әйгерім Тілеубаеваның айтуынша, “оны не үшін ұстап жатсыздар?” деген сұраққа полиция қызметкерлері “әкімдік өкілдері заңсыз пикет өткізіп жатыр деп шағымданды” деп қысқа қайырған.
Данияр Супиев жексенбі күні сағат 12-де Желтоқсан және Сәтбаев көшелері қиылысында жалғыз адамдық пикет өткізген еді.
“28 шілдеде сайлау заңына түзетулерді талқылау мерзімі аяқталады. Бұл түзетулерде бақылаушылардың құқықтары қатты шектелген. Атап айтқанда, ендігәрі тәуелсіз бақылаушыларға аккредитация бергісі келетін ұйымдарды орталық сайлау комиссиясы мақұлдауы қажет. Егер бұл түзетулер қабылданса, Қазақстанда тәуелсіз бақылау деген атымен жоғалады” деген еді Данияр Супиев жарты сағат бұрын Азаттыққа.
Әкімдік өкілі келіп, шараның заңсыз екенін ескерткен. Данияр Супиев әкімдікке пикет өткізетіні жайлы хабарламаны 21 күні тапсырғанын жеткізген. Ал әкімдік қызметкері “хабарламаны бес күн бұрын беру қажет” деп пикетті тоқтатуды талап еткен. Полиция қызметкері келіп, Супиев пен сол маңда жүрген бақылаушылар мен журналистердің құжаттарын тексерген.