Түркістанда аламан айтыс өтті
Бүгін Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 4 жыл толуына орай “Түркістан – Ер Түріктің бесігі” атты ақындар айтысы өтті. Дүбірлі додада айтыстың ақтаңгерлері Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Нұрзат Қару, Шұғайып Сезімхан, Нұрлан Есенқұлов, Мейірбек Сұлтанхан сынды жалынды ақындар бақтарын сынады. Айтыстың ашылу салтанаты Түркістан қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының “Йассы шаһары” тақырыбындағы театрландырылған көрініспен басталды. Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен жыр сайысында сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев барша ақындарға сәттілік тілеп, айтыс өнерінің берері мол рухани құндылық екенін тілге тиек етті.
Аламан айтыстың алғашқы жұбын шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен алматылық ару Нұрзат Қару бастады. Әдемі әзілдермен өрілген қыз бен жігіт айтысы көрермендер көзайымына айналды. Сондай-ақ, айтыс өнерінің азулы арландары түркістандық Бекарыс Шойбеков пен торғайлық Айбек Қалиевтың тартысты айтысы да көпшілік көңілінен шықты. Алтын домбыраның үш дүркін иегері қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Ақжайықтың аруы Жансая Мусина арасындағы айтыс та әдемі әзілдермен кө көмкерілді. Ал, Нұр- Сұлтаннан келген Мейірбек Сұлтанхан мен алматылық Шұғайып Сезімхан арасындағы сайыс та айтары мол айтыс болды. Бас жүлдені алматылық ақын Шұғайып Сезімхан иеленсе, оралдық ару Жансая Мусина бірінші орынға лайық деп танылды. Ал екінші орынды қызылордалық Мұхтар Ниязов жеңіп алса, үздік үштікті түркістандық Бекарыс Шойбеков мен Арқалықтың арқалы ақыны Айбек Қалиев қортындылады. Одан бөлек, Тәушен Әбуова атындағы номинация Нұрзат Қаруға берілсе, Қаныбек Сарыбаев атындағы номинация Нұрлан Есенқұловқа табысталды. Сондай-ақ, Көпбай Омаров атындағы номинация Мейірбек Сұлтанханға берілді.
Дереккөз :Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі