7 жыл түрмеде отырған чемпион абақтыдағы өмірі туралы айтты

Қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері, NFC лигасының чемпионы Ильдар Құдайбергенов Экспресс К тілшісіне түрмедегі өмірі туралы айтып берді. Ол 2012-2019 жылдар аралығында Атбасардағы абақтыда отырған.

7 жыл өмірін тар қапаста өткізсе де, ол босап шыққан соң чемпион атанған еді, деп хабарлайды Экспресс К.

Ильдар Құдайбергенов

Ильдар Құдайбергенов 1989 жылы Ақмола облысының Астрахань ауданындағы Колутон ауылында дүниеге келген. Ережесіз жекпе-жек шебері қазір Нұр-Сұлтанда тұрады. Ол октагонда қарсылас шақ келтірмеген файтерлердің бірі.

2010 жылдан бастап октагонға шығып өнер көрсетіп жүрдім. Кейін әскерде Елдос Сметовпен бірге болдым. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң “Алаш Прайдтың” атынан төбелесіп жүрдім. Чемпион болдым, ММА чемпионымын,

— дейді Ильдар Құдайбергенов.

Спортшы 2012 жылы істі болып, 7 жылға сотталады. Оған ҚК 192-бабы (қарақшылық) бойынша іс қозғалған. Алайда Ильдар ол жерде қосақтың арасында кеттім, кінәм толық дәледенбеді дейді. Тар қапасқа түскен ол спорттан қол үзбепті. Бостандыққа шыққанан кейін де чемпион атанып, кейін белбеуін сәтті қорғады.

Ильдар Құдайбергенов

“Соңғы жекпе-жегім желтоқсан айында өтті. Чемпиондық белдігімді ұттым және оны сәтті қорғадым. Октагонға енді шықпайтын шығармын. Өйткені мен алдыма қойған мақсатымды орындадым. Ендігі ойым отбасыма көңіл бөлу. Өйткені спортшының өмірі оңай емес. Үйде көп бола бермейміз. Жарысқа дайындалу үшін 3-4 айлап үйдің бетін көрмейміз. Оның үстіне бізде өтетін жекпе-жектерде көп ақша төлемейді. Былайша айтқанда, еңбегің ақталмайды”, — дейді спортшы.

Спортшының әйелі, бала-шағасы бар. Былтыр шаңырақ көтерген екен. Ол ендігі өмірін сол отбасыға арнаймын дейді.

“Былтыр үйлендім. Бала-шағам бар, шүкір. Мен түрмеден шыққан кезде көп адамның маған деген көзқарасы қырын болды. Адам болмайды, отырып шыққан, қауіпті адам деп ойлады. Бірақ мен сол адамдарға және ең бірінші өз-өзіме дәлелдегім келді. Барлығы адамның өзіне байланысты. Еңсеңді тік ұстау да, қолды бір сілтеу де пенденің өз қолында”, — дейді Құдайбергенов.

ПІКІР ЖАЗУ