46 млрд теңге: Стоматология арқылы зейнетақы қаражатын шығарғандарға іздеу жарияланды

Қаржылық мониторинг агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың иелерін іздестіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Қаржылық мониторинг агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың иелеріне іздеу жариялады. Олардың аты-жөндері:
Дуйсенов Аслан Қамбарұлы, 01.04.1992 ж.т.
Иманбаев Габбас, 18.05.1998 ж.т.
Елешев Есимхан Баяндиевич, 11.09.1987 ж.т.
Аталған азаматтар 46 млрд теңгеден астам қаражатты БЖЗҚ заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Бұл мақсатта олар тіс емдеу қызметі көрсетілгендей жалған медициналық құжаттарды рәсімдеген. Олар Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 7 стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Аталған мекемелер іс жүзінде ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген, – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
Дүйсенов А.Қ., Иманбаев Г., Елеушев Е.Б.-ке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылды.
Айыпталушылардың бірі — Дүйсенов А.Қ. бұрын полиция қызметкері болған. Алайда теріс қылықтарына байланысты жұмыстан шығарылған. 2016 жылы ол Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу») және 362-бабы («Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану») бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, төмендегі нөмір бойынша хабарлауыңызды сұрайды +7 (7172) 70 84 78. Call-center: 1458
Сыйақы мен анонимділікке кепілдік беріледі.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Қаржы мониторингі агенттігі “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан” (БЖЗҚ) заңсыз ақша шығару схемасына қатысы бар 5 қылмыстық топтың қызметін әшкереледі.