
Астанадағы әскери лагерьге Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін шеруге 4 мыңнан астам әскери қызметші жиналды. BAQ.KZ тілшісі назарларыңызға әскери алаңда қызметшілерге жасалған жағдай жайлы фоторепортаж ұсынады.
Әскери шеруге дайындық алаңында арнайы қалалық құрылған. Ол жерде әскерилер орналасқан. Оқу-жаттығу жұмыстары күн сайын өтеді. Таңертең басталған дайындық 4 сағатқа созылады. Ал түстен кейін бөлімшелердің жеке дайындығы өтеді. Лагерьде әскери қызметшілердің өмір қажеттілігіне барлық жағдай жасалған.
Мұнда 288 шатыр құрылған. Оның 103-інде жеке құрам тұрады. Әр шатыр шамамен 34-36 адамға шақталған. Шатырлардың бірінші қатарында адамдар тұрады. Екінші қатарында жуынатын шатырлар. Үшінші бөлігінде асхана. Сонымен қатар дала моншасы да бар. Олардың саны 8. Әскери қызметшілер үшін монша аптасына 2 рет жұмыс істейді. Оған қоса әскери қалашықта медициналық пункт, қару-жарақ қоятын шатыр бар.
Шатырдың ішінде жылытатын пеш орнатылған. Шатырлардағы жылу көрсеткішісін арнайы термометрлер өлшейді. Олар әр шатырға қойылған. Шатырларда әскерилер бос уақытында кітап оқып, шахмат ойнайтынын байқауға болады. Өйткені әр шатырда шахмат, шашка, домбыра, гитара бар. Құрлық әскерлері бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев Астана қаласына гарнизонға өңірлерден 4 мыңнан аса әскери қызметші жиналғанын айтты.
Жоспар бойынша толық дайындық жүріп жатыр. Әскери лагерьге қызметшілер орналасты. Жатын орын және тамақ мәселесі шешілген. Оған қоса жуынатын палаткалар да құрылған. Монша жұмыс істеп тұр. Техника да дайындалып жатыр. Оны жөндеу, тексеру, бір түске бояу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді генерал-майор.
Әскери шеруге дайындық сағат 9-дан 13.00-ге дейін болады. Түскі ас ішіп болғаннан кейін 15.00-17.00 аралығында тағы 2 сағат дайындалады, Содан кейін кешкі ас уақыты басталады.
22.00-де әскерилер ұйықтайды. Сөйтіп таңғы 6.30-да дайындық жұмыстарына қайта кіріседі. Кептірілген жеміс, банан, көкөніс, шырын және басқа да азық-түліктер мөлшер-мөлшерімен әскерилердің күнделікті ас мәзіріне енгізілген. – деді әскери лагерьдегі азық-түлік қызметінің бастығы, – майор Азиз Сәдібаев.
Әскери аспаздар таңғы 5-тен бастап әскери қызметшілердің таңғы асын дайындауға кіріседі.
Мұнда тіпті нанды әскерилер өздері пісіреді. Бүгін баспасөз-туры кезінде журналистер жаңа піскен ыстық бөлке нанның дәмін татып, лагерьдегі ас мәзіріне өз бағаларын берді.