23 жастағы жетісулық 2 млн теңгеге екі баласын сатқан

Жетісу облысы Полиция департаменті бала саудасы үшін облыстың 23 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

Күдікті делдалдар арқылы өзінің 2022 және 2023 жылдары туған екі баласын сатқаны анықталды. Бірінші факт 2022 жылдың қазан айында, ал екінші факт 2023 жылдың тамыз айында орын алған, екі жағдайда да мәміле сомасы 1 млн теңге. Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша (кәмелетке толмағандар саудасы) тіркелді, – деп атап өтті ведомство өкілі.

Сонымен қатар Түркістан облысында 5 жылдан бері құлдықта болған өзге елдің азаматы анықталды.

Түркістан облысы ПД қызметкерлері 53 жастағы Өзбекстан азаматын еңбек қанауы үшін 5 жылдан астам уақыт бойы заңсыз ұстаған шаруа қожалықтарының екі басшысын анықтап, ұстады. Ер адамның төлқұжатын алып, 2017 жылдан бастап мал бағуға мәжбүрлеген. Жәбірленушінің мал қорасында тұрғаны анықталды. Жұмыстан бас тартқан кезде оған физикалық және психологиялық қысым жасалған. ҚК 126-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша тергеу жүргізілуде. Жәбірленуші оңалту және көмек алу үшін дағдарыс орталығына жіберілді, – деді Шұғыла Тұрлыбек.

ПІКІР ЖАЗУ