2025 жылғы Қазақстан: Жыл адамынан – жылдың маңызды оқиғасына дейін

2025 жыл Қазақстан үшін саяси жүйенің орнығуы, мемлекеттік басқарудың жауапкершілігі және сыртқы саясаттағы прагматизм күшейген кезең ретінде есте қалды. Жыл бойында қабылданған шешімдер мен орын алған оқиғалар елдің орта және ұзақ мерзімді даму бағытын айқындады. BAQ.KZ тілшісі жылдың саяси қорытындысын арнайы номинациялар арқылы қорытындылап көрді.

Жыл адамы – Қасым-Жомарт Тоқаев

2025 жыл – еліміз үшін табысты жыл болды. Елдің ішкі тұрақтылығы, құқықтық тәртіп пен халықаралық беделі басты орында болды. Әрине, мұның барлығын жүйелі етіп, саяси процестердің өзегінде тұрған – Қасым Жомарт Тоқаев болды. Мемлекет жетекшісі ретінде ол биыл да саяси және экономикалық мәселелерде белсенді рөл атқарды.

Жыл заңы – ЛГБТ насихатына тыйым салынды

Сенат Қазақстан аумағында ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңды қабылдады. Бұл құжат екі қаралымда да жаппай мақұлданды. Әлеуметтік желіге ашықтық заманда балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданған бұл заң еліміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам болды. Аталмыш құжат педофилияны насихаттайтын ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жарияламауды көздейді.

Жылдың тарихи оқиғасы – Ата Заңымыздың 30 жылдығы

2025 жылы Ата Заңның 30 жылдығы аталып өтті. Бұл ел тарихындағы аса маңызды тарихи оқиғалар қатарында тұр. Қазақстан Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған еді. Содан бері оған 6 рет өзгеріс енгізілді.

Жыл сапары – Қасым Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары

2025 жылы Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапары елдің сыртқы саяси күн тәртібіндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси диалогты нығайтуға, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды.

Сапар барысында халықаралық қауіпсіздік, энергетика, сауда-экономикалық байланыстар және аймақтық тұрақтылық мәселелері талқыланды. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымы аясында бұл кездесу елдің жаһандық серіктестермен теңгерімді әрі прагматикалық қатынас орнатуға бейілді екенін көрсетті.

Саяси тұрғыдан алғанда, бұл сапар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, елдің сенімді әрі болжамды әріптес ретіндегі имиджін күшейтті. Осы себепті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары 2025 жылдың айрықша мәні бар сыртқы саяси қадамы ретінде бағаланды.

Жыл реформасы – «Заң мен тәртіп» қағидаты

2025 жылы құқықтық саясат түбегейлі жаңа кезеңге өтті. Қылмыстың алдын алу, әкімшілік құқық бұзушылықтарға төзбеушілік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты тетіктер енгізілді.

Бұл реформаның ерекшелігі – жаза қатаңдығынан бұрын, заңның бұлжымай орындалуына басымдық берілуі. Мемлекеттік органдардың өзара үйлесімі күшейіп, құқық қолдану практикасына цифрлық бақылау элементтері енгізілді.

Жыл соты – «Болат», «Қайрат», «Сариев» істері

2025 жылы бірқатар резонансты сот процестерімен есте қалды. Жыл басында Талғарда болған қанды оқиғаға қатысты сот процесі қоғамда талқыға түсті. Жасөспірім Шерзат Болат өліміне қатысты сот процесін барлық азамат тікелей көріп, сот процесі қоғамда қызу талқыланды.

Сондай-ақ осы жылы бір емес, бірнеше қайырымдылық қорларының былықтары әшкере болды. Жыл басында су тасқынына байланысты қаржыны жымқырған Перизат Қайрат соты болып, оған жаза тағайындалса, жыл ортасында «Қазақтың Робин Гуды» деген атпен танылған Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот процестері болды.

Нәтижесінде мемлекет тарапынан қоғамдық қорлар мен қаржылық ашықтыққа қатысты талаптар күшейтілді.

Жыл дауы – Әлемдік поп-мәдениет жұлдыздарының Қазақстанға келуі

2025 жылы Қазақстанда Jennifer Lopez пен Backstreet Boys концерттерінің өтуі жылдағы ең көп талқыланған қоғамдық-саяси оқиғалардың біріне айналды. Алғашында мәдени шара ретінде қабылданған бұл гастрольдер қысқа уақыт ішінде мемлекеттік имидж, мәдени саясат тақырыптарымен тығыз байланысып, кең ауқымды пікірталас тудырды.

Аталған концертке әлемнің 35 елінен 7 мың турист келіп, 600 миллион теңге көлемінде салық түсірілімдерін алып келген.

Жыл оқиғасы – Қазақстан құрамасы мен «Реал Мадрид» арасындағы ойын

2025 жылы Қазақстан футбол құрамасының әлемге әйгілі Реал Мадрид клубымен ойнауы ел үшін есте қаларлық оқиға болды. Бұл матч спорттық жарыс қана емес, Қазақстанның халықаралық деңгейде танылуы мен ашықтығын көрсеткен маңызды сәт ретінде бағаланды.

Ойынның өтуі елдің ірі халықаралық іс-шараларды қабылдай алатынын, инфрақұрылым мен қауіпсіздік талаптарының сақталғанын көрсетті. Қоғамдық пікірде бұл матч ұлттық спорттың дамуы мен жастардың спортқа қызығушылығын арттыру тұрғысынан оң қабылданды.

Сарапшылар бұл кездесуді Қазақстанның әлемдік спорт кеңістігіне бір қадам жақындай түскенін білдіретін белгі ретінде атады.

2025 жыл – қоғамдық өзгерістер мен тарихи белестерге толы кезең болды. Бұл жылда қоғамдағы маңызды талқылаулар, мәдениет пен спорттағы жеңістер, сондай-ақ әлеуметтік мәселелер бойынша пікірталастар айқын көрінді. Ең бастысы – адамдардың әрекеті мен оқиғалар елдің болашағына әсер ететін нақты із қалдырды.