15-20 мың теңге: Ет бағасы тағы өзгеруі мүмкін бе?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Қазақстанда ет тапшылығының болуы және бағаның күрт қымбаттау ықтималдылығына қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер атап өткендей, ауыл шаруашылығы бойынша сарапшы, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рахымбеков жақын уақытта Қазақстанда еттің бағасы килограмы 15-20 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін, ал ел Өзбекстаннан ет импорттауға мәжбүр болады деп болжам жасаған. Олар мұндай пікірдің қаншалықты шынайы екенін сұрады.
Жоқ, біз бұл мәлімдемемен мүлдем келіспейміз. Өйткені мал шаруашылығы – бүгінде ең қарқынды дамып жатқан салалардың бірі. Бізге мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеп, бекіту тапсырылды. Онда нақты индикаторлар, міндеттер және қажетті өндіріс көлеміне, оның ішінде етке, қол жеткізу жоспары айқындалуы тиіс, – деді Азат Сұлтанов.
Вице-министрдің сөзінше, әңгіме тек ірі қара еті туралы ғана емес, сонымен бірге қоян өсіру, тіпті марал шаруашылығы сияқты бағыттарды дамыту туралы да болып отыр.
Барлық бағыт мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген қаржыландырумен қамтылады. Болашақта не көзделіп отыр? Мал басын, оның ішінде ірі қараны бірнеше есеге арттыру. Сондықтан біз басқа елдерден сиыр етін импорттаймыз деу мүлдем дұрыс емес. Импорт бар, бірақ ол өте аз. Оның өзі негізінен консервіленген өнім өндіруге арналған блочное ет. Шаруалар да, тұтынушылар да жаппай сырттан сиыр етін әкеліп жатқан жоқ. Елге келетін еттің басым бөлігі – стейкке арналған премиум өнім немесе қайта өңдеуге арналған блочное ет. Яғни ол базарға арналған өнім емес, – деп түсіндірді вице-министр.




