“13 миллион теңгеге бүйрек сатамын”: Ағзасын саудаға салған тұрғынға сот шешімі шықты

Түркістанда өз ағзасын заңсыз саудаламақ болған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Түркістан қаласының ауданаралық сотында трансплантациялау не өзге пайдалану үшін тірі адамның ағзаларына қатысты заңсыз мәмілелер жасауға оқталу ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігімен, ҚК-нің 116-бабының 1-бөлігімен айыпталған М.-ге қатысты қылмыстық іс аяқталды.
Сотталушы өзінің бүйрегін сату мақсатында, 2025 жылдың ақпан айында «Телеграмм» әлеуметтік желісінде жарнама жасаған. Нәтижесінде қылмыстық әрекетті имитациялаушы ішкі істер органдарының қызметкері «А» есімді тұлғамен жолығып, бүйрегін 13 млн теңге қаражатқа сататынын келіскен. Содан кейін 5 млн теңгені қолма-қол алу кезінде ұсталған.
Сотта, сотталушы өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетке ауыр материалдық жағдайы мен ақша мұқтаждығы себеп болғанын айтты. Сол себепті өзінің ағзасын сатуды жоспарлағанын көрсетіп, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.
Сот жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс санатына жататынын және зиян келтірілмегенін ескере отырып, «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қолданып, 05.02.2026 жылы сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, іс жүргізуді тоқтатты, – деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін адам ағзалары саудасымен айналысып, халықаралық іздеу жарияланған күдікті ұсталды.