Қарабура кесенесінің тарихы
Қарабура әулие арабтың Құрайыш тайпасынан шыққан Әзіретті Әлі шерден тараған Қарахан мемлекетін билеген Әулие ата, яғни Әбдірахим бабтың тікелей ұрпағы. Қараханиттердің соңғы билеушілерінің бірі Әбдуәли Хасан Жақыптегінің ұлы, кейін тарихта Қарабура әулие деген атпен танымал болған. XI-XII ғғ өмір сүріп Қожа Ахмет Ясауимен бірге Отрарда Арыстанбаптан , одан соң Бұхарада Жүсіп Хаманадиден дәріс алған зерделі шәкірт болған.
Қарабура кесенесі Созақ ауылында орналасқан, 1997 ж салынған. Есігі батысқа, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бағытына қарап тұр. Қарабура әулие жөнінде жазба деректерден гөрі біздің заманымызға ауызша аңыздардың жеткені басым. Аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауи соңғы күндерінде өз жақындары мен туыстарына денеме тиіспеңдер деп, жаназасын шығаруды өзінің досына әрі қандас бауырына өсиет етіп қалдырған екен. Ешқандай ескертусіз, шақырусыз Қара бура мінген кісі келіп барлық салт жораларды жасап ақтық сапарына өз қолымен шығарып салған деген аңыз әңгіме ел аузында кеңінен мәлім. Аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауиды жерлеген соң Қарабура Түркістаннан сапарға шығып, Созақ ауылына келіп дәрет алып қайтыс болыпты. Созаққа барған адамдардың көпшілігі Әулие Қарабураны зиярат етіп басына құран бағыштауға тырысады.